Алматы метрополитенінде өнер майталмандары нағыз перфоманс ұйымдастырды. Вагондар мен бекеттерде Алматы туралы әндер шырқалып, алдағы Қала күнімен құттықтаған жылы лебіздер жолданды. Жолаушылар «Алматы әуендері» ұжымының ән-шашуына зор қошемет көрсетті. Әсіресе, туристер мерекелік көңіл-күйге ерекше таңданды.
«Абай» бекетінде «Арқайым» нео-этно-фолк тобы көмеймен ән айтып, ұлттық аспаптарда ойнады. Еске салсақ, бұған дейін аталған топ Мадридте сәтті өнер көрсетіп, аншлагпен концерт өткізген еді.
«Біз Алматыда сенбіден бастап жүрміз, алған әсеріміз керемет, тұмса табиғат, үнемі көмектесуге дайын мейірімді әрі жанашыр адамдар. Мұндай ерекше қойылымдар таңқалдырады, бұл шынымен ерекше әсер етіп, шабыт береді екен. Мен осы мерекені көзіммен көргеніме шексіз қуаныштымын. Ару Алматының Қала күні құтты болсын!», - деді Малайзиядан Қазақстанға келген метро жолаушысы Нантини Муниапан.
«Бауыржан Момышұлы» бекетінде дәстүрлі әншілер Саят Нұрғазин мен Дәурен Байбөрі домбырамен қазақ халық әндерін орындады. Ал «Байқоңыр» бекетінде вагон іші күтпеген жерден концертке айналды, Ерболат Төлеген мен Мақсат Базарбаев танымал композициялар орындап, жолаушыларды шынайы қуанышқа бөледі.
Әр метро бекетінде музыкалық құттықтау айтылды. Алматы қаласы әкімі оркестрінің «Алмалы» бекетіндегі концерттік қойылымы нүктесін қойды. Музыканттар «Гүл Алматым» атты символикалық шығарма орындады.
Сонымен қатар, Алматы музейлері бірлестігі жолаушыларға жылжымалы фотокөрме ұсынды. Археологиялық артефактілер, зергерлік бұйымдар, спорт тарихының, ХХ ғасырдағы Алматының фотосуреттері, сондай-ақ көрнекті тұлғалардың музыкалық аспаптары жәдігер ретінде қойылды. Фотокөрме 21 қыркүйекке дейін жалғасады.
Анықтама:
Алматыда 19 қыркүйекте Республика Сарайының алдындағы Абай алаңында бірқатар ауқымды концерт өтеді, Сағат 18: 00-де «Ән қанатындағы Алматы» дәстүрлі музыка кеші өтеді. Концертте Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаев сынды дәсүрлі әншілер және «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетеді.
Сағат 19:30-да Абай алаңында «QAZAQSHA терапия» заманауи жобасы көрермендерге «Ғасырлар үні» театрландырылған спектакль-концертін ұсынады. «QAZAQSHA терапия» - бұл дәстүрлі қазақ музыкасының құдыретін көрермендерге паш етеді.
20 қыркүйек күні сағат 18:00-де «Көктөбе» саябағында «Көктөбе опера – 2025» халықаралық классикалық музыка фестивалі өтеді. Сахнада Зарина Алтынбаева, Расул Жармағамбетов, Жәмила Баспақова, Балуан Беркенов, Оксана Давыденко, Нұржан Бажекенов, Венера Алпысбаева және Марина Алтухова өнер көрсетеді. Бұдан бөлек, көрермендерге «Салтанат» би ұжымы, Il canto квартеті және Алексей Беляковтың жетекшілігімен симфониялық оркестр өнерін паш етеді, ал Испаниядан келген тенор Энрике Феррер мен Жапониядан келген балерина Ариса Хашимото арнайы қонақ болады.
20 қыркүйек күні сағат 16:30-да ҚБТУ алдындағы Астана алаңында Almaty Cover Show атты ірі музыкалық іс-шара өтеді. Кештің хэдлайнері Ninety тобы болады. ADAM, Ghetto dogs, Мөлдір Әуелбекова, «Азия» тобы, Бақыт Шадаева, Qali, Зарина Омарова, Арман Қоңыр және Аша Матай және басқа да әншілер өнер көрсетеді.
20-21 қыркүйекте сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Арбатта жыл сайынғы KitapFest фестивалі өтеді. Алпысқа жуық баспа мен кітап дүкені қатысатын жәрмеңкеде қонақтар кітапты жеңілдікпен сатып алып, жаңа басылымдармен танысып, авторлармен тілдесе алады.
21 қыркүйек күні таңнан кешке дейін танымал артистердің қатысуымен концерт өтеді. 10:30-да сахнада Роза Рымбаева, аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі, Зарина Алтынбаева, Жәмила Серкебаева, Біржан Хасанғалиев, Бауыржан Мусин, Аружан Данышпан, Ерлан Байназаров, Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев, Il canto квартеті, «ЖасStars» тобы, «Жаңа толқын-2025» байқауының жеңімпазы Александр Лим, Диана мен Ален Самыкеновтер, Төлеген Рахымбаев және басқа да өнерпаздар өнер көрсетеді.
Сағат 17:00-де ҚБТУ алдындағы Астана алаңында «Aspan FM» музыкалық фестивалі басталады. Қала күніне орай көпшіліктің сүйікті радиостанциясы «Aspan FM» және қала әкімдігі танымал артистермен бірге алматылықтар мен қала қонақтарына ұмытылмас көңіл-күй сыйлайды. Фестиваль барысында артистер қызыл кілем үстімен жүріп өтеді. Сахнада Қайрат Нұртас, TURAR, 6ellucci, «МузАрт» тобы, Бүркіт пен Айша, Медеу Арынбаев, Тамара Асар, Құрмаш Маханов, Бағлан Әбдірайымов, Кеңес Әлімжан, BYTANAT, Еркеш Хасен, Ақылбек Жеменей, Алан Черкасов, Асхат Тарғын, Өмірқұл Айниязов, Заттыбек Көпбосынұлы, Райым Уайс, INJU, Әзиз Балтабекұлы, Ұлжан Ағлақова, Жәнібек Бестерек, DARO, Аян Байжігіт, DONY, Асыл Ұлықман, Ерболат Ержанбаев, Гүлнұр Оразымбетова, Ақбота Керімбекова, Бақыт Тұрман, сондай-ақ «МузАрт Лайф», «JasStars», «Алашұлы» топтары және басқа да танымал орындаушылар өнер көрсетеді. FK KAIRAT балалар хорының сахнаға шығып, әйгілі өнерпаздармен бірге өнер көрсетуі кештің көрігін қыздырмақ.
21 қыркүйек күні сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде ауқымды Digital Fest Almaty цифрлық фестивалі өтеді. Мәдениет саласындағы мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу барысында жасанды интеллект құралдары күн санап кеңінен қолданылып келеді, ал мұндай мереке қала тұрғындарын жаңа цифрлық шешімдермен таныстыратын бірегей алаңға айналуда. Биыл да дәстүрге сай Панфилов көшесі инновация орталығына айналып, әрбір жан цифрландырудың мүмкіндіктерін көріп, сезіне алады. Қонақтарды «Болашақ сферасы», «Цифрлық алма», VR-көзілдірігі арқылы түрлі ойындар, «Калейдоскоп» фотозонасы және басқа да қызықты digital-алаңдар күтеді. Панфилов көшесінде робот-суретші қонақтардың портретін салады, робот-фотограф пен робот-оператор мерекелік атмосфераны нақты уақыт режимінде түсіріп отырады. Осындай цифрлық кейіпкерлер фестивальді көрнекі ғана емес, барынша интерактивті етеді. Фестиваль отбасыны, жастар мен технология саласының мамандарын және бүгіннен-ақ болашақ әлеміне қадам жасағысы келетіндерді біріктіреді.
21 қыркүйек күні сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін Тұңғыш Президент саябағында Alma Fest-2025 фестивалі өтеді. Дәстүр бойынша саябақ аумағы жеміс пен ұлттық дәстүрлердің ауқымды мерекесіне айналады. Қонақтар үшін алма жәрмеңкесі, этно-аймақ, қолдан жасалған ерекше базар, гастрономиялық алаңдар, балмұздақ фестивалі, сондай-ақ ашық аспан астындағы кинотеатр және т.б. ұйымдастырылады. Айтпақшы, фермерлер жәрмеңкеге 100 тонна алма әкелді. Бұл күні саябақта Тұрар Ыдырыс, Медеу Арынбаев, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді.