Алматы әкімі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен танысты

Алматы әкімі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен танысты

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барып, негізгі ғылыми орталықтармен, инновациялық жобалармен және кампусты дамыту жоспарымен танысты.

Ең әуелі қала басшысына Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы көрсетілді. Ауданы 5 000 шаршы метр болатын бұл ғылыми-зерттеу алаңы студенттерді, зерттеушілерді және кәсіпкерлерді біріктіріп, креативті индустрия, жасанды интеллект және стартап саласындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Дархан Сатыбалдының айтуынша, жастарға мүмкіндік беру мен ғылыми әзірлемелерді нақты экономикаға енгізу қаладағы басты басымдықтың бірі.

Әрі қарай әкім заманауи өндіріс пен жасанды интеллект технологиясына негізделген бес инновациялық платформаны қамтитын робототехника орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық студенттерге озық технологияларды меңгеруге және жаңа шешімдер әзірлеуге жол ашады.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылым мен білімді дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда іргелі ғылым мен инновация тоғысып, жаңа идеялар дүниеге келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында жастарды қолдаудың, ғылымды дамытудың және жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығын ерекше атады. ҚазҰУ осы міндеттерді жүзеге асыруда көш бастап келеді», – деді Дархан Сатыбалды.

Әкім жаңа оқу ғимараттарының құрылысына да ерекше назар аударды. Жалпы аумағы 32 000 шаршы метр болатын үш жеті қабатты ғимаратта ғылыми зертханалар, дәрісханалар мен конференц-залдар, аудиториялар, сондай-ақ демалыс пен пікірталас алаңдары қарастырылған.

Дархан Сатыбалды Қытай ғылым академиясымен бірлесіп құрылған «Қашықтан зондтау технологиялары және олардың қолданылуы» атты қазақ-қытай зертханасына да барды. Мұнда Орталық Азиядағы жаһандық экологиялық және климаттық өзгеріс, соның ішінде қуаңшылық, жердің тозуы, су тапшылығы мен Каспий теңізінің тартылуы сынды тақырыптар зерттеліп жатыр. Зертхананың негізгі мақсаты – қоршаған ортаның жай-күйін бағалап, келешекке болжам жасауға мүмкіндік беретін ғылыми негіз құру.

Сапар соңы суперкомпьютерлер орталығына арналды. Оның өнімділігі 2 000 терафлопсқа тең, бұл Қазақстан мен Орталық Азияда теңдесі жоқ көрсеткіш. Сондай-ақ, ол әлемдегі ең мықты 600 суперкомпьютердің қатарына енген.