Алматыда туризм саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру талқыланды

Алматыда туризм саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру талқыланды

Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен туризм инфрақұрылымын дамыту және қонақүй мен глэмпинг құрылысына қатысты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша жиын өтті. Оған салалық басқарма басшылары, инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты.

Әсіресе, қонақүй бизнесіне қызығушылық танытып отырған жеке инвесторлардың рөліне айрықша назар аударылды. Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында орналастыру саласына тартылған жеке инвестиция көлемі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда он үш есеге өскен. Бұл Алматы туризмінің серпінді дамып келе жатқанын айғақтайды. Қалалық Туризм басқармасының дерегінше, бүгінде мегаполисте 70-тен астам инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың бір бөлігі алдағы жылдары аяқталса, жалпы жобалардың толық жүзеге асу мерзімі 2030 жылға дейін жоспарланған. Биылдың өзінде бірнеше жаңа қонақүй пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы да қонақүйлер, туристік кешендер мен глэмпингтер іске қосылмақ. 2025-2027 жылдар аралығында қаладағы қонақүй нөмірлерінің қоры 1,5 есеге ұлғайып, 17 мыңға дейін жетпек.

Дархан Сатыбалды туризмді дамытудың басты бағыттарының бірі заманауи қонақүй инфрақұрылымын қалыптастыру және туристерге қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті. Сондай-ақ, әкім экологиялық талаптарды қатаң сақтап, туристік нысандардың табиғи әрі мәдени мұрамен үйлесімді салынуы аса маңызды екенін жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі тиісті рәсімдерді жеделдетуді, инвестициялық жобаларды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды.