Алдағы жылыту маусымына дайындық кезінде Алматының Алмалы ауданында жылу желілерін жоспарлы қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыс аясында 1980 жылы пайдалануға берілген ұзындығы 130 метр болатын жылу желілері ауыстырылады.
Осыған байланысты 2025 жылы 15 тамыз сағат 23:00-ден 18 тамыз сағат 07:00-ге дейін Жамбыл көшесінде Исаев көшесінен Байғанин көшесіне дейін автокөлік қозғалысы тоқтатылады.
Аталған көшенің астындағы құбыр желісін қайта жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл шектеулер енгізіледі. Жаңарту жұмыстары кезінде тұтынушыларға ыстық су беру тоқтатылмайды.
Бұл жылу желісі 2 көпқабатты тұрғын үйді жылу қуатымен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Жалпы, биыл қала бойынша 39 шақырым жылу желісін қайта жаңарту жоспарланған. Бұл тозу деңгейін 54%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, қозғалысты шектеуге қатысты барлық ақпарат @AlmatyJoly Telegram-арнасында, аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ, 2GIS пен «Яндекс карталар» сервистерінде жарияланады.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС