Алматылықтарға Баум тоғайын абаттандыру жобасы таныстырылды

Алматылықтарға Баум тоғайын абаттандыру жобасы таныстырылды

Алматы қаласындағы мемлекеттік табиғи ескерткіш – Баум тоғайында қала Урбанистика орталығының мамандары белсенді қала тұрғындарымен және қоғам өкілдерімен кездесті. Жиын барысында тоғай аумағын абаттандыру жобасы таныстырылды.

Кездесуде әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері мен болашақ реконструкция тұжырымдамасы ұсынылды. Қатысушылар пікір білдіріп, жобаның басты басымдығы – тоғайдың табиғи экожүйесін сақтау екенін ерекше атап өтті.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттары табиғи тепе-теңдікті сақтауға бағытталған экологиялық аймақтарға бөлу, жасыл желек қорын сақтау және қалпына келтіру, апатты жағдайдағы ағаштарды кезең-кезеңімен тазалау, аурулар мен зиянкестерге қарсы күрес, жаңа көшеттер отырғызу. Экожүйені қайта жандандыруға, арық жүйесін қалпына келтіруге, жабайы жануарлардың мекенін қорғауға және тоғай мен Басқарасу өзенінің арасындағы байланысты жақсартуға ерекше назар аударылған.

Бұдан бөлек, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары да қарастырылған: жарықтандыруды орнату, патрульдік бақылау ұйымдастыру, автокөліктің кіруін шектеу. Рекреациялық инфрақұрылымды дамыту аясында табиғи ортаға зиян келтірмей, экосоқпақтар, тыныш демалыс аймақтары, балалар және спорт алаңдары жасақталады. Жоба аясында ағартушылық бағытқа да ерекше мән берілген: визит-орталық, ақпараттық тақталар, оқушыларға арналған биология сабақтары және экологиялық сауаттылықты арттыру шаралары қарастырылған.

Жобаны жүзеге асыру барысында қала тұрғындары мен сарапшылардың пікірі ескеріледі. Жақын күндері мамандардың қатысуымен қоғамдық талқылаулар мен тоғай аумағына баспасөз туры өтеді.