Алматыда әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында жаңа спорт саябағы пайда болады

Алматыда әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында жаңа спорт саябағы пайда болады

Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы қалада жайлы қалалық орта құруға бағытталған жаңа жобаның басталғаны туралы хабарлайды. Әл-Фараби даңғылы және Дулати көшелерінің қиылысында заманауи FLOW Парк спорт саябағының құрылысы іске асырылмақ.

Жоба жеке инвесторлар «Kusto Home» ЖШС және «Time Group Construction» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырылады. Құрылысқа 3 млрд теңге қаржы құйылған. Саябақ құрылысы тек демеушілік қаражат есебінен жүргізіледі, бұған мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді.

FLOW саябағы қала тұрғындары мен қонақтары үшін салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуға және белсенді демалысқа арналған жаңа демалыс орынға айналмақ. Болашақ саябақ аумағында велосипед және жаяу жүгіру жолақтары, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары, ойын және спорт алаңдары, сондай-ақ, тынығуға және сергітуге арналған аймақтар орналастырылады.

Саябақ бұрыннан бар ландшафтпен толық үйлесім табады.

FLOW саябағын салу — мегаполистегі әрбір тұрғын мен қонаққа белсенді әрі сапалы демалысқа арналған қолжетімді, қауіпсіз және инклюзивті қалалық орта қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам.