«Алатау» дәстүрлі өнер театрының Steppes Rhapsody спектаклі Еуропада аншлагпен өтті. Труппа театр әлеміндегі ең ауқымды әрі беделді Avignon Off фестиваліне қатысып жатыр. Театрландырылған концерттік қойылымды тамашалаған көрермен орнынан тік тұрып қошемет көрсетуде. Фестиваль президенті Арольд Давид қойылымға жоғары баға берді. Ацта кетейік, спектакль режиссері – Әділет Таменов.
«Steppes Rhapsody – көрерменді таңқалдырған, санаға серпіліс берген және Қазақстанға жол ашатын қойылым. «Алатау» театрына фестивальге шақыртуды өзім ұсынған едім. Франция халқы Қазақстанның қазіргі заманғы өнерімен танысып, өнеріне сүйсінсе екен деген мақсат болды. Жалпы, бұл фестиваль шығармашылық өнімдерге арналған кәсіби алаң, идея мен тәжірибе алмасудың, жаңа серіктестіктердің тоғысар ортасы. Біздің фестивальге жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 2000-нан астам театр продюсері келеді. Олар мұнда жаңа қойылымдарды іріктеп, бағдарламаларына қосады. Сондықтан, қазақ театры жаңа ұсыныстар арқылы биік бесюлестерді бағындыратынына сенемін», – деді Avignon Off фестивалінің президенті Арольд Давид.
Арольд Давидтің айтуынша, биыл Avignon OFF фестивалі ауқымы жағынан рекорд жаңартты. Қалада бір мезетте 130 сахна жұмыс істеп тұрды, онда күніне 1785 спектакль көрермен назарына ұсынылды. Ал, жалпы сатылған билеттердің саны 1,6 миллионнан асады. Театрлар үш апта ішінде шамамен 22 миллион еуро табыс тапты. Негізгі назар театрға бағытталғанымен, көрермендерге әлемнің түкпір-түкпірінен би, музыка, цирк және түрлі жанрдағы шоулар да ұсынылды.
Ал, Steppes Rhapsody қойылымының басты ерекшелігі – сахнада әр шығарма, ән, би этно-фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындалды. Домбыра, жетіген, баян, қылқобыз, прима-қобыз, шертер, ұрмалы және үрмелі аспаптар – барлығы 20-дан аса ұлттық аспаптың үні көрерменге әсерлі музыкалық атмосфера сыйлайды.
Қойылым барысында көрермен күйші Арнай Надырханов пен Ілияс Серікбаев арасындағы күй тартыстың әсерлі орындалуына тәнті болды. Ілияс Серікбаев әр шығармаға ұрмалы аспаптармен ырғақ беріп отырса, жетігенде ойнаған Тұрсынай Пазыл лирикалық әуенмен қойылымға нәзіктік қосты. Баяншы Жандос Сауыт кең тынысты музыкалық өрнек жасаса, қылқобыз шебері Нұрболат Қыдырбаев үнге медитативті реңк берді. Прима-қобызда өнер көрсеткен Ажар Қадылбекова сахналық көңіл күйді дәл жеткізсе, Зарина Ысқақ шертермен ансамбль үніне көшпелі мәдениеттің терең тамырын сіңірді. Қойылым барысында Құрманғазы мен Нұрғиса Тілендиевтің күйлері, сондай-ақ халық әндері мен авторлық шығармалар орындалды.
Театрдағы дәстүрлі әншілер Ұлжан Ағлақова мен Диас Мұратханның вокалдық партиялары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ән айту сахналық қойылымға табиғи түрде кіріктіріліп, оқиға желісі мен эмоциялық өрісті толықтыра түсті. Ал Меруерт Қалызат пен Әйгерім Асанова орындаған хореография спектакльдің көркемдік тұтастығын арттырып, бейнелі шешімнің маңызды элементіне айналды. Би мен ән, музыка мен драма үндесе отырып, қойылымның көркем қуатын тереңдетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Қойылым режиссері Әділет Таменовтің екі айбалтамен орындайтын күрделі әрі әсерлі сахналық көрінісі көрерменді бірден баурап алды. Бұл – автордың өзіндік режиссерлік шешімі, әлемдік сахналық тәжірибеде баламасы жоқ ерекше пластикалық тәсіл. Қимыл-қозғалыс пен трюктердің дәлдігі, сахналық пластика мен драмалық қарқын қойылымның көркемдік шарықтау шегін айқындап, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлайды.
«Франция сахнасында өнер көрсету әрі көрерменнің шынайы ықыласына бөлену – біздің ең үлкен жетістігіміз. Еуропа халқы қазақ әндері мен ұлттық аспаптарына тәнті болып, біздің еңбегімізді ерекше бағалап жатыр. Екі айбалтамен көрсетілетін күрделі трюктер – қазақтың бес қаруының символдық көрінісі. Мұндай халықаралық деңгейдегі сахнада қазақтың болмысын паш ету – үлкен жауапкершілік», – деді режиссер Әділет Таменов.
Steppes Rhapsody қойылымы Avignon Off фестиваліндегі Rouge Gorge сахнасында он күн бойы көрсетіліп жатыр. Қойылым фестивальдің ең жарқын туындыларының бірі ретінде бағалануда. Айта кету керек, бұл табыс тек бір театрдың емес, тұтастай қазақстандық сахна өнерінің халықаралық деңгейде мойындалуының көрсеткіші. Биыл алғаш рет Алматы қаласынан бірден төрт театр ұжымы Avignon Off фестивалінің ресми бағдарламасына шақырылды. Олар – «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Мемлекеттік қуыршақ театры, «АртИШОК» театры және «Жолда» тәуелсіз театры. Бұл көрсеткіш – еліміздегі театр өнерінің жаңа кезеңі басталғанын білдіретін тарихи жетістік.