Ресей астанасындағы триумф: қазақ театры XVII Чехов фестивалінде көрермендерді баурап алды

Ресей астанасындағы триумф: қазақ театры XVII Чехов фестивалінде көрермендерді баурап алды

Алматының «Алатау» дәстүрлі өнер театры А.П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестивалінде «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымын сәтті сахналады. Спектакль көрермендердің зор қызығушылығын тудырды: зал лық толып, көрермендер спектакльге таңдай қағып, ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Қойылымды Мәскеу тұрғындары мен қонақтарынан бөлек театр сыншылары, фестиваль қатысушылары, халықаралық сарапшылар және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев тамашалады.

«Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» спектаклінің көрсетілімі А.П. Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінің шын мәніндегі айтулы оқиғасына айналды. Бұл — қазақ театрының заманауи тарихындағы айшықты, ерекше белес. Қойылымда халықтың рухын көтеретін тарих пен бүгінгі театр өнерінің озық тәсілдері шебер үйлесім тапқан. Мәскеу көрермені екі күн бойы орнынан тік тұрып қошемет көрсетті — бұл ортақ еңбектің, мәдени үндестіктің жарқын жемісі», – деді А.П. Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінің Бас директоры Карина Цатурова.

Көрермендерді баурап алған «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» спектакль құл болып келіп, әділдігімен, ерлігімен, асқақ рухымен күллі Мысырдың сұлтанына айналған Бейбарыстың өмірінен сыр шертеді. Бұл қойылым театр, опера мен балетті біріктіретін саундрама жанрында ұсынылған. Сахнада 85 адам өнер көрсетті. Жас сұлтан Бейбарыстың рөлін «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әсет Есжан сомдаса, ересек Бейбарысты белгілі артист Ондасын Бесікбасов ойнады.

Қойылымның бас режиссері Фархад Молдағали, пластика режиссері Шырын Мұстафина мен жекпе-жек сахналарын қоюшы Әділет Таменов мәмлүк жауынгерлерін қатаң тәртіпке бағынған қуатты күш ретінде сахнада шебер көрсете алды. Нұрлан Төлешовтың сценографиясы спектакльдің бейнесін толыққанды аша алды. Оның сахналық безендіруі жай ғана көрініс емес, сахналық кеңістікті өзгертіп, қойылымның ішкі драматургиясын күшейтіп, әсерін арттыра түсті.

Қойылым барысында театрдың этно-фольклорлық ансамблі жанды музыка орындап, ерекше дыбыстық партитура жасады. Басты екпін сахнадағы әрекетке берілді. Серікжан Айтқалиев бұл спектакльде жай ғана композитор емес, сахна әлемінің тең авторы ретінде еңбек етті. Ол қиын әрі көпқабатты дыбыстық партитура құрып, әрбір әуенді көріністің ажырамас бөлігіне айналдырды.

«Маған қойылым өте ұнады. Соңғы уақытта дәл осылай ерекше ұнаған жалғыз спектакль осы болды. Декорациядан бастап қойылымға дейін – барлығы тамаша. Сіздерге көп рақмет!», – деді көрермендердің бірі Татьяна Атакова.

Қойылымды тамашалаған тағы бір Мәскеу тұрғыны Светлана Нечаева да әсерін жасырмады.

«Қойылымның форматы ұнады. Ерекше демалып қайттым. Күні бойы жұмыс істесем де, қойылымның арқасында күш-қуатым артқандай болды. Қойылвмды екі күн қатарынан жібермей тамашаладым: тарихи деректер мен сахнадағы ойынға, музыкаға ерекше ден қойдым, шын мәнінде рақаттандым. Көп рақмет!», – деді ол.

Екі жылда бір рет өтетін А.П. Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалі әлемдегі ең айтулы мәдени іс-шаралардың бірі. Қойылымдарды көрерменге ұсынбас бұрын ұйымдастырушылар әр спектакльді мұқият іріктеп, тек үздіктерін таңдайды. Айта кетерлігі, биыл «Алатау» дәстүрлі өнер театры Қазақстаннан шақырту алған жалғыз ұжым болды.

«Біз ғасырлық тарихы бар әлемдік сахнада қатарынан екі күн өнер көрсеттік, әр қойылымымыз аншлагпен өтті, көрермендер ыстық ықыласын аямады. Бұл фестиваль әр екі жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен үздік театрлардың басын қосады. Біз Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты жас театрмыз, дегенмен қазірдің өзінде әлемнің үздік театрларының қатарынан көрініп жүрміз. Қаланың қолдауының арқасында үлкен жетістіктерге жетіп келеміз. Бізді әлемдік қауымдастық байқап, ең әйгілі фестивальдерге шақырып жатыр, танымал театрлар мен ұйымдар бізбен серіктес болғысы келеді. Қазіргі таңда Алматы мәдениет саласында стратегиялық маңызды қадам жасап жатыр. Мысалы, театр қызметкерлері мен артистерін оқыту, білімін жетілдіру, әлемдік алаңдармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы мәдени ошақтардың халықаралық беделін арттырып отыр. Бұл имиджді көтеріп қана қоймай, артистер мен көрермендер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Мақсат Нұралиев.

Биыл XVII А.П. Чехов атындағы Халықаралық театр фестиваліне Қазақстан, Қытай, Бразилия, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Иран, Армения, Аргентина, Колумбия және Бахрейн театрлары қатысып отыр. Отыз жылдан астам тарихы бар фестиваль осы уақытқа дейін ресейлік көрерменді әлемнің түкпір-түкпірінен келген 600-ге жуық үздік қойылыммен таныстырды.

Айта кетейік, Чехов фестивалінен кейін «Алатау» театры Францияға жол тартып, әлемдегі ең беделді театр фестивалі – Off Avignon 2025 сахнасында Қазақстан атынан өнер көрсетеді. Мәдениет басқармасы өкілдерінің айтуынша, алматылық театрдың ең айтулы фестивальдерге қатысуы ұжымның кәсіби деңгейінің жоғары екенінің дәлелі ғана емес, сонымен қатар қазақ мәдениетін әлемдік аренада насихаттаудағы маңызды қадам.