GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Лого
Меню
Страницы
Әкім аппараты
Байланыс ақпараты
Қызметі
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпарат
Өкілдік туралы
Құжаттар
Қызметі
Все материалы
Мәдениет
05 мая 2026
Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күні аясында 40-тан астам мәдени іс-шара өтті

Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде әрі мазмұнды түрде атап өтілді. Қаланың барлық ауданында концерт, фестиваль, жәрмеңке мен түрлі мәдени іс-шаралар өткізілді.

Мерекенің басты орталығы Абай алаңында «Бірлігі жарасқан Алматы» атты достық фестивалі өтті. Күні бойы сахнада эстрада жұлдыздары, шығармашылық ұжымдар мен би топтары өнер көрсетіп, бірлік пен мәдени әртүрлілікті дәріптеді. Кешкісін мерекелік іс-шара танымал артистер қатысқан Dostyk Fest концертімен жалғасын тапты.

Қала тұрғындары мен қонақтарының назарын түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамдары ұсынылған гастрономиялық жәрмеңке ерекше аударды. Бұл алаң елдің көпұлтты мәдени байлығын айқын көрсеткен орынға айналды.

Іс-шаралар орталықпен шектелмей, Алматының барлық ауданында өтті. Сайран көлінен бастап Тұңғыш Президент саябағына дейінгі қоғамдық кеңістіктерде концерттер, көрмелер, спорттық шаралар мен түрлі мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Айнабұлақ шағынауданында ұлттық киім киген тұрғындар қатысқан мерекелік жиындар өтсе, Түрксіб ауданында этномәдени көрмелер мен спорттық жарыстар өткізілді.

Қаланың мәдениет ошақтарында достық пен келісім құндылықтарын насихаттайтын көрме, концерт, дәріс және қайырымдылық спектакльдер ұйымдастырылды.

Мерекелік күн кешкі концерттік бағдарламалармен және қала тұрғындарын бір арнаға тоғыстырған «Бірлік жүгіруі» атты неондық жүгіріспен қорытындыланды.

1 мамыр Алматының түрлі этнос өкілдері бейбітшілік пен өзара құрмет аясында өмір сүретін береке-бірліктің қаласы екенін тағы бір мәрте айқындады.

Мәдениет
05 мая 2026
Алматыда Қазақстан халқының Бірлігі күніне орай гастрономиялық жәрмеңке ұйымдастырылды

Алматыдағы Абай алаңы дәм мен дәстүр тоғысқан ерекше кеңістікке айналды. Ашық аспан астында өткен ауқымды гастрономиялық жәрмеңке ондаған қоғамдық тамақтану орны мен этномәдени бірлестіктердің басын қосып, аспаздық өнердің халықтарды жақындастырып, олардың бірегей мұрасын таныта алатынын айқын аңғартты.

Іс-шараның өзегі — әр этностың асханалық байлығын паш ететін кең де берекелі дастархан болды. Ұсынылған тағамдар арқылы әр халықтың ұлттық ерекшелігі мен рухани болмысы көрініс тапты. Түрік этномәдени бірлестігінің ұсынған тағамдар көпшілік назарын айрықша баурады. Оның өкілі Наргиз Мурадова ұлттық тағамдардың қыр-сырын бөлісті.

— Біздің ұлттық нанымыз фурун этмеги үлкен пештерде пісіріледі. Синор жұқа лаваштан әзірленіп, үстіне айран немесе йогурт құйылады. Долма жүзім жапырағына түрлі салма салынып дайындалады. Шякярлямя құмды печенье тәрізді, ауызда еріп кететін өте дәмді тәтті. Сондай-ақ пейнир, чечил, кятя және басқа да тағамдар бар, — деді ол.

Қатысушылардың айтуынша, ұсынылған ұлттық тағамдар тек дәмін емес, әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы мен мәдени ерекшелігін, дәстүрлі құндылықтарын танытады.

Жәрмеңке қонақтары ұлттық ас түрлерінен дәм татып қана қоймай, олардың шығу тарихы, дайындалу тәсілдері мен сол тағамдарға қатысты мәдени дәстүрлер туралы да мол мағлұмат алды.

Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Джамиля Бабаева пікір білдірді:

— Мұнда мәселен, құмыралар қойылған. Олар ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жетеді. Біз оған су, айран құямыз. Қонақ келгенде арнайы шағын ыдыстарға құйып, қайта-қайта ұсынып отырамыз,, — деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұлтаралық келісімді нығайтып, мәдени ықпалдастықты дамытуға және гастрономиялық туризмді ілгерілетуге зор ықпал етеді.

— Қазіргі жаһандану дәуірінде мәдени байланысты сақтау мен дамыту аса маңызды. Осындай іс-шаралар түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністікті арттырып, достық пен сыйластыққа негізделген орта қалыптастырады. Сонымен қатар, Алматыны бай мәдени әрі гастрономиялық әлеуеті бар қала ретінде танытуға мүмкіндік береді, — дейді ұйымдастырушылар.

Экология
05 мая 2026
Алматыда «Таза Қазақстан» аясында сәндік көгалдандыру ауқымы кеңейтілуде

Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала аумақтарын сәндік-гүлді көгалдандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы қаланың экология және қоршаған орта басқармасы хабарлады.

2026 жылы сәндік гүлмен көгалдандырудың жалпы аумағы 387 953 шаршы метрді құрайды, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 77%-ға артық. Оның ішінде 107 836 шаршы метрі (28%) біржылдық гүлзарлар, ал 280 117 шаршы метрі (72%) көпжылдық гүлзарлар мен гүлдейтін бұталарға тиесілі. Сонымен қатар, 9 844 тік көгалдандыру элементін орналастыру көзделген.

Гүл композициялары жаяу жүргіншілер аймақтары бойында, магистральді көшелерде, сондай-ақ саябақтар мен скверлер аумағында отырғызылады. Бағдарлама қаланың барлық аудандарын қамтып, қалалық ортаны көгалдандыруға бірыңғай тәсіл қалыптастыруға бағытталған.

Жеке бағыт ретінде көлік айрықтарын, магистральді көшелер мен жолдардың бөлу жолақтарын тік көгалдандыру жұмыстары қарастырылған. Бұл қалалық инфрақұрылымның көрнекі сапасын және экологиялық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Отырғызу жұмыстары аясында біржылдық көшеттерден гүлзарлар жасау, раушан бақтарын қалыптастыру, сәндік-гүлді бұталар отырғызу, қызғалдақ егу, сондай-ақ қажетті күтім жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Аталған іс-шараларды жүзеге асыру экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы қалалық орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Денсаулық сақтау
04 мая 2026
Алматы балаларға арналған бірегей оталардың алаңына айналды

Алматыда 2026 жылы 4-6 мамыр аралығында International Society for Pediatric Neurosurgery ұйымының «Балалар нейрохирургиясы патологияларына пәнаралық тәсіл» атты халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым ашты.

Конференцияға 20-дан астам елден жетекші мамандар қатысып, балалардағы күрделі нейрохирургиялық ауруларды емдеудің озық әдістерін талқылап жатыр.

Конференция аясында Charité – Universitätsmedizin Berlin клиникасынан келген жетекші балалар нейрохирургы қатысқан шебердің дәрісі өтуде. Практикалық бөлім барысында миында қолжетімі қиын ісіктері бар екі балаға ота жасалады.

Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысқан дөңгелек үстел ұйымдастырылып, халықаралық тәжірибе негізінде нейрохирургиялық емдеу хаттамаларын қайта қарау мәселелері талқыланды.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Қазақстанда балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан. Бүгінде жоғары технологиялық медициналық көмектің 82 түрі қолжетімді, жыл сайын 17 мыңнан астам нейрохирургиялық ота жасалады, ал соңғы жылдары жоғары технологиялық көмектің көлемі үш еседен астам өскен. Клиникалық тәжірибеге нейронавигация, ота кезіндегі нейромониторинг, эндоскопиялық және аз инвазивті әдістер, сондай-ақ «гамма-пышақ» технологиясы енгізілген.

Алматы қаласы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, конференция стратегиялық маңызға ие және Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Ол жоғары технологиялық оталарды енгізуге және балалар нейрохирургиясындағы заманауи тәсілдерді дамытуға серпін береді.

Конференцияның негізгі тақырыбы — пәнаралық тәсіл. Бұл ми ісіктері, дәріге төзімді эпилепсия, туа біткен даму ақаулары (соның ішінде spina bifida), сондай-ақ ауыр неврологиялық және қимыл-қозғалыс бұзылыстарын емдеудегі халықаралық стандарт саналады.

Іс-шараны Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы ұйымдастырды. Конференция өткізу отандық медицинаның халықаралық беделін арттырып, озық технологияларды енгізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жиын барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Марат Пашимовтың атынан және шетелдік жетекші медициналық ұйымдар — В.А. Алмазов атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығы, Charité – Universitätsmedizin Berlin және Dana-Dwek Children’s Hospital арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Құжаттар серіктестікті дамытуға, тәжірибе алмасуға және балалар нейрохирургиялық патологияларын емдеуде пәнаралық тәсілмен қоса, заманауи технология енгізуге бағытталған.

Спорт
04 мая 2026
5 елден 200-ден астам жас хоккейші Almaty Nova Cup 2026 турнирінде бақ сынады

Алматыдағы «Халық Арена» мұз сарайында алғаш рет халықаралық деңгейдегі балалар хоккей турнирі — Almaty Nova Cup 2026 ұйымдастырылды. Бұл туралы қалалық Спорт басқармасының өкілдері хабарлады.

1-3 мамыр күндері өткен дүбірлі додаға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай және Қырғызстан елдерінен келген 12 команда қатысты. Жарысқа 2016 жылы туған 200-ден астам жас спортшы шығып, шеберліктерін паш етті. Жарысты тамашалауға 30 мыңнан астам көрермен жиналды.

Турнир қорытындысы бойынша Екатеринбург қаласының Д13 командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Күміс жүлде мәскеулік «Авангард» командасына бұйырса, қола медальді Қытайдың Panthers командасы қанағат тұтты.

Төртінші орыннан он екінші орынға дейінгі командалар келесідей ретпен орналасты: «Барыс» (Астана), «Динамо» (Алматы), «Медведи» (Алматы), «Юность» (Қарағанды), «Стрижи» (Қырғызстан), «Рахымжан» (Алматы), «Алатау» (Алматы), «Школа Салея» (Минск), «Алга» (Қырғызстан).

Жарыс барысында үздік ойыншылар да анықталды:
— үздік бомбардир — Савва Гловацкий (Д13, Екатеринбург);
— үздік сұрмерген — Zhang Ande (Panthers, Қытай);
— үздік қорғаушы — Ілияс Исабек («Барыс», Қазақстан);
— үздік қақпашы — Yang Caspar (Panthers, Қытай).

Ең әдемі гол үшін жүлде Егор Панюшинге («Авангард», Мәскеу) берілсе, көрермен көзайымы аталымын Никита Рудков (Д13, Екатеринбург) иеленді.

Сондай-ақ, турнир серіктестері атынан арнайы марапаттар Иван Макатовқа («Школа Салея»), Альбина Қойшыбайға («Алатау») және Георгий Рожковқа («Авангард») табысталды.

Айта кетейік, Almaty Nova Cup турнирін тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама балалар хоккейін дамытуға серпін беріп, қазақстандық жас спортшылардың халықаралық аренада бақ сынауына жол ашады.

Спорт
04 мая 2026
Алматыда Алматы студенттік лигасының маусымы қорытындыланды

3 мамыр Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында 2025–2026 маусымындағы Алматы студенттік лигасының (АСЛ) финалдық туры және жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен жоба биыл 30-дан астам жоғары оқу орнынан 1300-ден астам студентті біріктірді. Оқу жылы бойы командалар футбол, волейбол және баскетбол бойынша бақ сынап, жоғары дайындық пен нағыз командалық рух көрсетті.

Финалдық күн тартысты матчтарға толы болып, маусымның үздік командалары анықталды. Кешкісін құрметті қонақтар, спортшылар мен жанкүйерлер қатысқан ауқымды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер әр спорт түрі мен дивизион бойынша анықталып, сондай-ақ турнирдің үздік ойыншыларына, жаттықтырушыларына және спортшыларына жеке марапаттар табысталды. Іс-шараның ерекше рухын артистер мен жүргізушілердің өнері толықтырып, оны тек спорттық емес, жарқын жастар мерекесіне айналдырды.

Алматы студенттік лигасы студенттік спортты дамытудағы маңызды алаң ретінде қалыптасып, жастарды біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттап, жаңа есімдердің танылуына жол ашып келеді.

Маусым қорытындысы бойынша волейбол, футбол және баскетбол бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

 

Волейбол (А дивизионы, ерлер):

1 орын — Қазақ спорт және туризм академиясы (ҚазСТА)

2 орын — SDU University

3 орын — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 

Волейбол (әйелдер, А дивизионы):

1 орын — ҚазСТА

2 орын — Satbayev University

3 орын — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

 

Волейбол (В дивизионы, ерлер):

1 орын — ҰҚК академиясы

2 орын — ҚазБСҚА

3 орын — ҰҚК Шекара академиясы

 

Волейбол (әйелдер, В дивизионы):

1 орын — ҚазСТА

2 орын — UIB

3 орын — Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті

 

Футбол (А дивизионы):

1 орын — Turan University

2 орын — ҚазСТА

3 орын — Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті

 

Футбол (В дивизионы):

1 орын — С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ

2 орын — ҚазСТА

3 орын — UIB

 

Футбол (С дивизионы):

1 орын — Narxoz University

2 орын — Азаматтық авиация академиясы

3 орын — Turan University

 

Баскетбол (А дивизионы):

1 орын — IT Legion (ХАТУ)

2 орын — ҚазСТА

3 орын — Turan University

 

Баскетбол (В дивизионы):

1 орын — С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ

2 орын — Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ)

3 орын — ҚазБСҚА

 

Баскетбол (әйелдер):

1 орын — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

2 орын — ҚазСТА

3 орын — ҚБТУ

 

Сондай-ақ, турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншыларға жеке марапаттар табысталды:

— футболдан үздік ойыншы (А дивизионы) — Мақсұт Тагирұлы (Turan University)

— үздік бомбардир — Ким Лев (Turan University)

— үздік қақпашы — Ертуған Данияр (АГЭУ)

— волейболдан MVP атағы — Ертас Нұрболат (ҚазСТА)

— баскетболдан үздік ойыншы — Армон Аслан (Turan University)

Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық
04 мая 2026
Алматыда заңсыз салынған нысандарды бұзу жұмыстары жалғасуда

Бүгін Сейфуллин даңғылы, 518 мекенжайында орналасқан шағын маркет толықтай бұзылды. Бұл туралы Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері хабарлады.

Бұған дейін рұқсат құжаттарының жоқтығына байланысты тиісті шаралар қабылданып, іс сотқа жолданған болатын.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соттың шешімімен меншік иесі кінәлі деп танылып, нысанды мәжбүрлі түрде бұзу туралы қаулы шығарылды. 2026 жылы 9 сәуірде Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі нысанды өз еркімен бұзды.

Пресс-релиздер
04 мая 2026
Almaty Hub-та екі күндік «Building Unicorns» практикалық воркшопы өтеді

2026 жылғы 5–6 мамырда Almaty Hub алаңында халықаралық кәсіпкер, инвестор, Waze компаниясының тең құрылтайшысы, сондай-ақ Moovit компаниясының алғашқы инвесторы және директорлар кеңесінің мүшесі Uri Levine қатысатын Building Unicorns атты екі күндік практикалық воркшоп өтеді.

Іс-шара 2026 жылғы 4–5 мамырда Алматыда өтетін GITEX AI Central Asia & Caucasus аясында ұйымдастырылады және өңірдегі маңызды технологиялық оқиғалардың бірі болмақ.

Ури Левин — әлемдік стартап-экожүйедегі ең танымал кәсіпкерлердің бірі. Ол Waze сервисінің негізін қалаушылардың бірі, аталған сервис Google компаниясына 1,1 млрд АҚШ долларына сатылған. Сондай-ақ ол Moovit компаниясының алғашқы инвесторы және директорлар кеңесінің мүшесі болған, бұл компанияны Intel 1 млрд АҚШ долларына сатып алған.

Воркшоп барысында қатысушылар жаһандық әлеуеті бар технологиялық компанияларды құрудың практикалық тәсілдерін талқылайды: күшті проблеманы анықтаудан бастап product-market fit-ке жету, масштабтау, инвестиция тарту және халықаралық нарықтарға шығу кезеңдеріне дейін. Сонымен қатар стартаптардың өсуіне және «бірегей» (unicorn) деңгейіне жетуіне кедергі келтіретін негізгі қателіктерге ерекше назар аударылады.

Ури Левиннің Алматыға сапары Қазақстан мен өңірдің технологиялық экожүйесі үшін маңызды оқиға болмақ. Бұл кәсіпкерлерге миллиардтық бағалауға жеткен компанияларды құруға қатысқан сарапшыдан тәжірибелік білім алуға мүмкіндік береді.

БАҚ өкілдері үшін бұл іс-шара — халықаралық спикерден жаһандық технологиялық трендтер, инвестициялар, стартап-экожүйелердің дамуы және Орталық Азияда «бірегей» компаниялардың пайда болу перспективалары туралы пікір алу мүмкіндігі.

5 мамыр

1

Қатысушыларды тіркеу

10:00 – 11:00

2

Іс-шараның ашылуы

11:00 – 11:15

3

Workshop "Building Unicorns”

11:15 – 13:30

4

Түскі үзіліс

13:30 – 14:30

5

Бірінші күннің қорытындысын шығару және іс-шараны аяқтау

14:15 – 17:15

 

6 мамыр (жабық воркшоп)

1

Қатысушыларды тіркеу

12:00 – 13:00

2

Жабық «Building Unicorns» воркшопы

13:00 – 19:00

 

Күні: 2026 жылғы 5–6 мамыр
Өтетін орны: Almaty Hub, Зенков көшесі, 24
Форматы: офлайн воркшоп
Іс-шара тілі: ағылшын тілі

 

Қатысу:
Кіру алдын ала тіркелу арқылы тегін: Building Unicorns с Uri Levine: практический воркшоп 

БАҚ өкілдерін аккредиттеу 2026 жылғы 5 мамырға дейін мына сілтеме арқылы ашық: https://docs.google.com/spreadsheets/d/1DZDyXzoWC-2qx_yC_SBeb8V07z1arLKSJ3bai3qL4VI/edit?hl=ru&gid=0#gid=0

БАҚ үшін байланыс:

Беспалинова Зарина, «Астана Хаб» автономды кластерлік қорының Алматы қаласы бойынша филиалының маркетинг және іс-шаралар бөлімі
Email: z.bespalinova@astanahub.com
Тел.: 8 707 655 66 77

Мәдениет
04 мая 2026
Қонақжайлықтың жарқын көрінісі: Алматы әуежайында Бірлік күніне арналған акция өтті

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні Алматы халықаралық әуежайында шетелдік қонақтарды қарсы алу ерекше форматта ұйымдастырылды. Қалаға табан тіреген сәттен-ақ туристерге ұлттық нақыштағы естелік сыйлықтар ұсынылып, қазақы қонақжайлылықтың айрықша үлгісі көрсетілді.

Бұл игі бастама Алматы қаласының Туризм басқармасы, халықаралық әуежай, Шекара қызметі мен кеден органдарының бірлесуімен жүзеге асты. «Халықаралық қонақтарға арналған қарсы алу сыйлығы» атты жоба әрбір мейманға деген шынайы құрмет пен ілтипаттың белгісіне айналды.

Осы күні Алматымен танысу дәстүрлі туристік бағыттардан бұрын әсерден бастау алды. Жылы жүзбен қарсы алу, ақ пейіл мен мерекелік көңіл күй Бірлік күнінің негізгі мазмұнын — татулық, бейбітшілік және мәдени әртүрлілікті айқын сездірді.

Соңғы жылдары Алматыға деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалаға 754 мың шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 800 мыңнан аспақ. Бұл Алматының өңірдегі жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.

Туризм басқармасы өкілдерінің айтуынша, мұндай жобалар қала туралы алғашқы оң әсер қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып отыр. Алматы өзін ашық, заманауи әрі қонақжай шаһар ретінде танытып келеді.

Мәдениет
04 мая 2026
Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті

Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қаланың барлық ауданында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Рухани бірлікті, мәдениет пен дәстүрдің сан алуандығын дәріптейтін бұл күн мыңдаған тұрғын мен қала қонақтарының басын қосты.

Абай алаңында өткен басты мерекелік іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Іс-шара бағдарламасы әсерлі бейнешоу мен барабаншылардың қойылымымен ашылып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маржан Арапбаеваның орындауындағы «Қазақ елі осындай» әнімен жалғасты.

Жалпы мереке аясында 40-тан астам мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Сахнада отандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар, сондай-ақ шетелдік қонақтар, оның ішінде Қырғызстанның «Komuz beats» тобы өнер көрсетті.

Алаңда этномәдени бірлестіктердің көрме шатырлары тігіліп, қалада тұратын түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлері таныстырылды.

Қала әкімі көрмелерді аралап, этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне тоқталды.

Алматы — түрлі этнос өкілдері өзара сыйластық пен келісімде өмір сүретін қала. Бұл тұрақты дамудың берік негізі.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламалар мен шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуімен жалғасын тапты.

Социальные сети
Facebook
Twitter
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы