
Алматының Қала күнін мерекелеу аясында Бостандық ауданындағы «Қазақфильм» шағынауданында жаңартылған демалыс күнгі жәрмеңке ашылды. Жаңғырту жұмыстарынан кейін 49 сотық аумақ заманауи талаптарға сай көркейтілді. Мұнда сатып алушыларға, фермерлер мен отандық тауар өндірушілерге арналған 112 сауда орны қарастырылған.
– Біз осы коммуналдық жәрмеңкені жаңғырту жобасының операторымыз. Бұған дейін мұнда көп жыл бойы шатырлы жәрмеңке жұмыс істеді. Уақыт өте келе ол ескіріп, заманауи талаптарға сай келмей қалды. Биыл жылдың басында оны жаңартуға кірістік. Бүгінде жұмыстардың басым бөлігі аяқталды, – деді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ғабдуллин.
Ашық алаңда 100 сауда орны орналасқан. Тағы жеті орын жабық павильонда, бесеуі фудкорт аймағында қарастырылған. Ашық аумақта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен дәстүрлі демалыс күнгі жәрмеңкелер жалғасады. Ал жабық бөлігі тұрақты жұмыс істеп, отандық өндірушілерге өнімдерін күн сайын сатуға мүмкіндік береді.
Әнуар Ғабдуллиннің айтуынша, бүгінде алаңда жүзден астам тауар өндіруші, оның ішінде шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынып отыр. Мұнда ет, көкөніс, жеміс-жидек, жұмыртқа, сүт өнімдері және басқа да отандық өнімдерді сатып алуға болады.
Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары да жәрмеңкеге сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Жергілікті тұрғын Светлана азық-түлік алу үшін мұнда тұрақты келетінін, әсіресе жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдерін сатып алу мүмкіндігін бағалайтынын айтты.
– Мұнда жаңа піскен жеміс-жидек, жидектер, қарақат бар. Маған ұнайды. Әсіресе асқабақ, жұмыртқа, ет сапалы. Көкөністер мен жемістерді Есіктен, Бәйдібек биден әкеледі, яғни өзіміздің өңірде өсірілген өнімдер. Меніңше, бұл сапалы әрі табиғи өнім, – деді Светлана.
Оның айтуынша, мұндай жәрмеңкелер аға буын үшін де маңызды.
– Осындай жәрмеңкелердің ұйымдастырылғаны – жақсы бастама. Әрине, мұндай шаралар қажет, өйткені халық арасында зейнеткерлер көп. Біз, бұрынғының адамдарымыз, табиғи өнімнің дәмін білеміз, көкөніс пен жемістің қандай болуы керектігін түсінеміз. Мұнда адамдар өнімін өздері өсіріп, өздері әкеледі. Сондықтан осындай жәрмеңкелердің болғанын қолдаймын, – деді тұрғын.
Кәсіпкерлер үшін де жәрмеңке өнімдерін сатуға мүмкіндік беретін сұранысқа ие алаң болып отыр. Іле ауданынан келген кәсіпкер София Караева жәрмеңкеге он жылға жуық уақыттан бері қатысып келе жатқанын айтты.
– Біз үшін бұл жәрмеңкенің пайдасы зор. Мұнда он жылға жуық уақыт бойы әр апта сайын жұмыс істеп келеміз. Осындай жәрмеңкелердің арқасында өнімдерімізді толық өткізуге мүмкіндік бар. Сатып алушылар үнемі келеді. Сондықтан бізге бәрі ұнайды және алдағы уақытта да жәрмеңкеге қатысуды жоспарлап отырмыз, – деді София Караева.
«Біздің бау-бақшамыз, егістігіміз бар – біз осы кәсіппен күн көреміз»
Жәрмеңкедегі тағы бір сатушы Лейла Мадодаева отбасылық шаруашылықтың өнімдерін ұсынады. Оның айтуынша, көкөніс пен жемістерді Алматы облысының бірнеше елді мекенінде туыстары өздері өсіреді.
– Бәрі өзіміздікі. Бәйдібек биде, Есікте, Жаңатұрмыста ағаларым шаруашылықпен айналысады. Өз шаруашылығымыз, малымыз, бау-бақшамыз бен егістігіміз бар. Сондықтан мұнда өз өнімдерімізді әкелеміз, – деді Лейла Мадодаева.
Сатушының сөресінде тайфи, мускат және кишмиш сорттарының жүзімі, шабдалы, алма, алмұрт, сарымсақ пен көкөністер бар. Ұсынылған өнімдердің басым бөлігі отбасылық шаруашылықта өсірілген.
Сатушының айтуынша, олардың өнімдерінің бағасы супермаркеттерге қарағанда төмен. Ал жаңа піскендігі мен сапасын фермерлік өнімдердің басты артықшылықтарының бірі деп санайды.
Ол үшін жәрмеңкеге қатысу – ең алдымен отбасылық шаруашылықта өсірілген өнімді өткізу мүмкіндігі.
– Жәрмеңкенің бізге қандай пайдасы бар? Біздің бау-бақшамыз, егістігіміз бар, өнімді қайда да бір өткізу керек. Біз осы кәсіппен күн көреміз. Сондықтан мұнда адам көп келгені бізге тиімді. Бүгін ауа райы да жақсы, Қала күні де болып жатыр, сондықтан сатып алушылар көп, – деді ол.
Бағалар бақылауда
Жәрмеңкені жаңғырту жұмыстары нысанның әлеуметтік бағыты сақтала отырып, жеке инвестициялар тарту арқылы жүргізілді. Сонымен қатар қазіргі сауда орындары жәрмеңкеге қатысып жүрген кәсіпкерлерге сақталады.
Жаңартылған нысан ашылғаннан кейін коммуналдық нарықты әкімшілендіру және ұсынылған бағалардың сақталуын бақылау «Алматы» ӘКК» АҚ-ға жүктеледі.
– Бағалар міндетті түрде бақылауда болады. Сауда департаментінің мамандары тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бақылаушылар жәрмеңкелерге күніне бірнеше рет келіп, өнімдердің қандай бағамен сатылып жатқанын тексереді. Бірінші кезекте бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты, – деп атап өтті Әнуар Ғабдуллин.
Бұл ретте сауда орындарын жалға алу құны өзгермеген.
– Барлығы бұрынғы деңгейде қалды. Жалға алу ақысы күніне 1 АЕК мөлшерінде. Егер жалға алушы бірнеше күн жұмыс істегісі келсе, тиісінше, сол күндердің санына қарай ақы төлейді, – деп түсіндірді ӘКК өкілі.
Жаңартылған жәрмеңке қыс мезгілінде де жұмыс істейді. Әнуар Ғабдуллиннің айтуынша, бұған дейін де нысан суық мезгілде шатырлы форматта жұмысын жалғастырған.
– Қыста да жәрмеңке жұмыс істейді. Суық мезгілде келушілерге жайлы болуы үшін күн түсетін жағынан қосымша жабын орнатамыз. Бұл жұмыстарды алдағы айларда аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Аумақты көркейтуге да ерекше көңіл бөлінді. Мұнда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым жаңартылды және заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сондай-ақ LED-дисплей іске қосылады. Онда тұрғындар ұсынылған тауарлардың бағасы туралы ақпарат алып, әлеуметтік және мемлекеттік жарнамаларды көре алады.
Нысанды қайта жаңғырту жұмыстары шамамен бес айға созылды. Әнуар Ғабдуллиннің айтуынша, құрылыс жұмыстары топырақтың ерекшелігіне байланысты қиындықтар туғызған. Соған қарамастан негізгі жұмыстардың барлығы жәрмеңке ашылғанға дейін аяқталды.
– Тек өткен жылдың өзінде мұнда 100 мың тоннадан астам көкөніс пен ет өнімі сатылды. Бұл өте үлкен көлем. Қала шетіндегі аудандардың тұрғындары үшін мұндай нысандардың маңызы зор. Өйткені қажетті өнімді тікелей өндірушілердің өзінен сатып алуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жалпы жыл басынан бері Алматыда шамамен 300 демалыс күнгі жәрмеңкесі өткізілді. Оларда Алматы қаласы мен Алматы облысының фермерлік және жеке шаруашылықтарының мыңнан астам түрлі өнімі ұсынылды. Ассортиментте ет, жұмыртқа, көкөніс пен жеміс-жидек, қышқыл сүт өнімдері, шұжық өнімдері, бал және басқа да тауарлар бар. Жәрмеңкелерге апта сайын шамамен 50 мың адам келеді.
Басқа аудандарда да жаңа жәрмеңкелер ашылады
Коммуналдық жәрмеңкелерді жаңғырту жұмыстары қаланың басқа аудандарында да жалғасады.
– Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қазір қаланың бес ауданында коммуналдық жәрмеңкелер салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту да қарастырылған. Қалай болғанда да, жеке инвесторды тарта отырып құрылыс жүргізген кезде нысанның сапасы мен одан әрі жұмыс істеуіне ерекше мән беріледі, – деді Әнуар Ғабдуллин.
«Қазақфильм» шағынауданындағы жаңартылған жәрмеңке тұрақты жұмыс істейді, ал дәстүрлі демалыс күнгі жәрмеңкелер ашық алаңда жалғаса береді.
Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында «Астана» алаңында ауқымды Almaty Vibes музыкалық фестивалі мен мультимедиялық 3D Mapping Show өтті.
Концерттік бағдарламаға Мақпал Жүнісова, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA, Айдана Меденова, Жандос Қаржаубай, Төреғали Төреәлі, «Алаш ұлы» тобы және басқа да танымал қазақстандық артистер қатысты.
Мерекені бірге атап өту үшін «Астана» алаңына бірнеше мың көрермен жиналды. Қонақтар әншілермен бірге ән айтып, би билеп, қазақстандық жұлдыздардың өнерін зор ықыласпен қарсы алды. Алматыға, оның ерекше рухы мен сүйікті орындарына арналған әндер көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Кештің жарқын сәттерінің бірі Алматының даму тарихын, қаланың танымал сәулет нысандары мен заманауи цифрлық технологияны тоғыстырған мультимедиялық 3D Mapping Show болды.
«Астана» алаңына қараған ҚБТУ ғимаратының қасбеті ауқымды экранға айналды. Жарық және визуалды эффектілердің көмегімен онда қала тарихы бейнеленіп, көрермендерге таныс Алматыны ерекше цифрлық форматта тамашалауға мүмкіндік берді.
Мерекелік бағдарлама туралы әсерімен фестивальге 10 жастағы қызы Мәдинамен бірге келген қала тұрғыны Әйгерім Махметова бөлісті.
«Бүгін алаңдарда әдемі мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр, ал фестивальдегі қазақстандық жұлдыздардың өнері ерекше қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мультимедиялық шоу Алматының тарихы мен сәулетін өте әсерлі әрі ерекше көрсетті. Барлық алматылыққа осындай атмосфераны әрдайым сақтап, бір-бірін қолдап, сүйікті қаламызды бірге дамытуға тілектеспін», – деді Әйгерім Махметова.
Еске салайық, Алматыда дәстүрлі түрде қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтілетін Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Қаланың түрлі алаңдарында мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін концерт, фестиваль, қойылым және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Бүгін Алматыда Қала күнін атап өтудің алғашқы күні өтті. Қаланың түрлі алаңдарында ұйымдастырылған концерттерге, фестивальдерге, көрмелерге, спорттық және шығармашылық жобаларға 500 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.
Негізгі іс-шаралар Абай және «Астана» алаңында, Панфилов және Жібек жолы жүргінші көшелерінде, сондай-ақ қаланың барлық сегіз ауданында өтті.
Абай алаңы
Бағдарлама Алматы әкімінің қатысуымен өткен салтанатты концерттен басталды. Дархан Сатыбалды алматылықтарды Қала күнімен құттықтап, қаланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Одан кейін көрермендер алдында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Қазақ мемлекеттік циркінің артистері, ASU ұжымы және «Алатау» дәстүрлі өнер театры өнер көрсетті. Кешті пианист Ratovich пен NE PROSTO ORCHESTRA қорытындылады.
Күні бойы мұнда «Алма аймағы», «Шеберлер қалашығы», AI & ROBOT ZONE тақырыптық аймақтары, крафт ойындар алаңы, балалар аймағы және «Ажарлы Алматы» кәсіби суретшілер байқауы қатысушыларының жұмыстары қойылған көрме жұмыс істеді. Сондай-ақ фуд-корт ұйымдастырылды.
«Астана» алаңы
Мұнда екі ірі концерттік бағдарлама өтті.
Күндіз «Сенім» вокалдық хоры, «Отырар сазы» академиялық оркестрі, «Рабат» ансамблі, «Астра» тобы, Muzart Life және басқа да орындаушылар өнер көрсетті.
Кешке 110 мыңнан астам көрермен жинаған «Almaty Vibes» музыкалық фестивалі өтті. Концерттен бөлек, жұртшылыққа 3D Mapping Show ұсынылды.
Сахнаға Мақпал Жүнісова, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA, Айдана Меденова, Жандос Қаржаубай және басқа да артистер шықты.
Панфилов және Жібек жолы көшелері
Панфилов көшесінде балалар және этноаймақ, эко- және киноалаң, Digital-аймақ, спорттық кеңістік және фуд-корт орналасты. Негізгі іс-шаралардың бірі дәстүрлі алма жәрмеңкесі болды.
Сауда қатарлары Қазыбек би көшесінің Панфилов көшесі мен Назарбаев даңғылы аралығындағы бөлігінде орналасты. Жәрмеңке сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істеді.
Жібек жолы көшесінде концерттік бағдарлама, қуыршақ театрының қойылымы және шығармашылық жобалар өтті. Сондай-ақ мұнда 60-тан астам баспа мен кітап дүкені қатысқан Kitap Fest кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда дәстүрлі музыканың танымал орындаушылары мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қатысуымен «Ән мен күйдің бесігі» концерті, сондай-ақ «Jana Lep» концерті өтті. Сахнада Қазыбек Құрайыш, Ерболат Құдайбергенов, Еркеш Хасен және басқа да артистер өнер көрсетті.
Алматының барлық ауданында жеке мәдени, спорттық және шығармашылық бағдарлама дайындалды.
Қала күнін атап өту 20 қыркүйекте жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа концерттер, фестивальдер және өзге де қалалық іс-шаралар жоспарланған.
Алматыда жыл сайын дәстүр бойынша Қала күніне орай ұйымдастырылатын ауқымды іс-шаралардың бірі – алма жәрмеңкесі. Биыл жәрмеңкенің сауда орындары Қазыбек би көшесінің Панфилов пен Назарбаев көшелері аралығында орналасып, қала тұрғындары мен қонақтарын таңғы сағат 10:00-ден бастап қабылдап жатыр.
Биыл алма жәрмеңкесі екі күн қатарынан өтеді. Оған көптеген шаруа қожалығы қатысып, алманың 50-ге жуық сортын ұсынады. Жәрмеңкеге 200 тоннадан астам алма жеткізілді.
Алманың отаны саналатын Алматыда өтетін мерекелік алма жәрмеңкесі қала тұрғындары үшін дәстүрлі шараға айналған. Жыл сайын жәрмеңкені асыға күтетін тұрғындар алманың түрлі сорттарының дәмін татып, отбасымен бірге уақыт өткізуді дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар Алматыға келген отандық және шетелдік туристер де қаланың әйгілі алмасының дәмін татуға ерекше қызығушылық танытады.
Солардың бірі қала тұрғыны Айдана. Ол жәрмеңкені жыл сайын отбасымен асыға күтетінін айтты:
«Алма жәрмеңкесі – балаларымызбен бірге асыға күтетін дәстүрлі мерекелердің бірі. Мұнда алманың сан алуан түрін көріп қана қоймай, дәмін татып, өзімізге ұнаған сорттарды сатып аламыз. Балаларым да жыл сайын жәрмеңкеге келіп, жаңа сорттардың дәмін көруге қуанады. Осындай шаралардың ұйымдастырылуы қала тұрғындары үшін де, қонақтар үшін де өте жағымды», – деді қала тұрғыны.
Жәрмеңкеге келген көптеген шетелдік туристер де шараны жоғары бағалап, қала әкімдігіне алғыстарын білдірді. Олар Алматының алмаларымен танысып, жергілікті өнімдердің дәмін татуға мүмкіндік алғанына қуанышты екенін атап өтті.
Қала күніне орай ұйымдастырылған алма жәрмеңкесі екі күн – 19 және 20 қыркүйек күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.
Биыл Алматыда Қала күніне орай ауқымды мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шаралар аясында қаланың түрлі алаңдарында тұрғындар мен қонақтарға арналған көрмелер өтіп, Алматының тарихы, мәдениеті, өнері мен шығармашылық әлеуеті таныстырылуда.
Қала күніне орай Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен қаланың бірнеше алаңында көрмелер ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарлама аясында Алматы метрополитенінің «Алмалы», «Жібек жолы», «Сайран», «Сарыарқа» және «М. Әуезов атындағы драма театры» бекетінде дәстүрлі фотокөрме ұйымдастырылды. 20 қыркүйекке дейін жалғасатын экспозицияда метро жолаушыларына Алматының тарихы, мәдениеті, өнері мен сәулетіне арналған фотосуреттер мен ақпараттық материалдар ұсынылған.
Фотокөрмеде Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Құрманғазы Сағырбайұлы және басқа да көрнекті тұлғаларға тиесілі музыкалық аспаптардың, Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдардың, Алматы музейінің қорларында сақталған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлердің, сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлі зергерлік өнерінің озық үлгілерінің фотосуреттері ұсынылған.
Қала күніне орай Абай алаңында «Ажарлы Алматы» республикалық кәсіби суретшілер байқауының үздік жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылуда. Экспозицияға байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған туындылар қойылған. Суретшілер еңбектерінде Алматының көркем келбетін, тарихи орындары мен сәулет нысандарын, қаланың өзіндік болмысын әртүрлі көркемдік тәсілдер арқылы бейнелеген.
Сонымен қатар Панфилов көшесінің бойында қолөнершілер мен суретшілердің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары отандық шеберлердің еңбектерімен танысып, қыш бұйымдар, кесте, құрақ, киіз және тоқыма бұйымдары, зергерлік әшекейлер, тиын соғу өнерінің үлгілері мен түрлі кәдесыйларды тамашалауда.
Мерекелік бағдарлама аясында «Жас суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің көрмесі де ұсынылды. Экспозицияға 18-35 жас аралығындағы жас суретшілердің, оның ішінде Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің жұмыстары қойылды. Көрмеде майлы бояумен орындалған, Алматының көрікті жерлері мен көрнекті ғимараттарын бейнелейтін туындылар ұсынылған.
«Қала күніне орай осындай көрмелердің ұйымдастырылғаны қуантады. Әр алаңда Алматыны әр қырынан танытатын дүниелер ұсынылған. Әсіресе жас суретшілердің шығармаларын тамашалау қызықты болды. Қаламыздың тарихы мен мәдениетін осындай форматта таныстыру өте жақсы бастама деп ойлаймын», – деді алматылық Әли Мұрат Ерікұлы.
«Көрменің метро бекеттерінде ұйымдастырылғаны өте қызықты. Жол бойында Алматының тарихы мен мәдениетімен қатар, өнері, сәулеті, белгілі тұлғалары және ұлттық өнерімізге қатысты көптеген қызықты материалдармен танысуға болады. Әсіресе көне жәдігерлер мен дәстүрлі зергерлік бұйымдардың фотосуреттері ерекше әсер қалдырды», – деді метро жолаушысы Мансұр Саянұлы.
Көрмелер 19-20 қыркүйек күндері қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылып, Қала күніне арналған мерекелік бағдарламаның мәдени мазмұнын толықтырады.
Бүгін Алматыда Қала күнін мерекелеу аясында Панфилов көшесінде ECO Network экоаймағы жұмыс істеп жатыр. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары пластик қалдықтардың қайта өңделіп, жаңа бұйымдарға айналу жолымен танысып, қалдықтарды сұрыптап көре алады және экологияға арналған интерактивті шараларға қатыса алады. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады.
Алаңда қалдықтарды бөлек жинау және оларды кейін қайта пайдалану жолдары таныстырылатын эко-трак жұмыс істейді. Велошреддерлердің көмегімен қатысушылар пластик қақпақтарды өздері ұсақтап, кейін қайта өңделген материалдың жаңа бұйымдарға қалай айналатынын көре алады.
Қонақтарға экологиялық ойындар, сыйлықтар және қайта өңделген пластиктен жасалған бұйымдар ұтысы да ұсынылады.
Экоаймақ Қала күніне арналған мерекелік бағдарламаның бір бөлігі ретінде экологиялық мәдениетті күнделікті мәдениетті іс жүзінде байқап көруге мүмкіндік беретін алаңдардың біріне айналды.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды алматылықтарды Қала күнімен құттықтап, айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған Alma Qala Fest фестивалін ашты.
Қала тұрғындары мен қонақтары LED-экраннан жаңарып, көркейіп келе жатқан әсем Алматының жетістіктерін тамашалады.
«Алматы қаласының тарихи орны айрықша мәнге ие. Баршаңызды Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Соңғы уақытта алматылықтар Қазақстанда өткен халықтық Конституцияны қабылдау, Ұлттық Құрылтай сайлауы секілді ірі саяси реформаларды белсенді қолдады.
XXI ғасыр – мегаполистер дәуірі. Алтын қала өмір сүруге қолайлы орта, бизнеске қолайлы ахуал, туристер үшін жасалған жағдай және зияткерлік стартаптарға берілетін мүмкіндіктер арқылы бәсекеге түседі. Басқаша айтқанда, әлемдік бәсеке қалалар деңгейіне ауысты», – деді Алматы әкімі.
Ол уақыт өте талаптың күшейе түсетінін атап өтіп, қала тұрғындарын Алматыны бірге дамытуға және көркейтуге шақырды.
Салтанатты іс-шарада Алматы әкімі Дархан Амангелдіұлы қаланың дамуына ерекше із қалдырған көрнекті азаматтарды марапаттап, олардың Алматының қалыптасуы мен өркендеуіне қосқан үлесін атап өтіп, қала тұрғындарының атынан алғыс білдірді.
«Құрметті алматылықтар, өздеріңіз білетіндей, қаламыздың дамуына үлес қосқан азаматтарға берілетін «Құрметті азамат» атағы бар. Алматыда біраз уақыт бойы бұл құрметті атақты беру тоқтатылған еді. Биылдан бастап «Қаланың Құрметті азаматы» атағын табыстауды қайта жаңғырттық. Осыған байланысты бүгін қаламыздың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар тұрғынды марапаттап отырмын», – деді қала әкімі.
«Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағына еңбек ардагері Гайникен Бибатырова, көрнекті құрылысшы-инженер Клара Летникова, кескіндемеші-суретші Амандос Ақанаев, сәулетші Орысбай Баймырзаев, тәжірибелі дәрігер Орынбай Дайырбеков, ғалым-хирург Болатбек Баймаханов, «Алматылифт» ЖШС директоры Қалдыбай Қазанбаев, «Алматы тазалық» МКК бас инженері Александр Кин, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әмин Тұяқов, көрнекті скрипкашы, дирижер әрі композитор Мұрат Серкібаев ие болды.
Құрметті атаққа ие болған «Алматылифт» ЖШС директоры Қалдыбай Қазанбаев Алматының ерекше рухын атап өтіп, қала тұрғындарына алғысын білдірді:
«Президенттің Алматыда туғанына ғана байланысты емес шығар, әкім айтқандай, бізде алматылық рух бар. Ол әрдайым қаламызды көркейтуге көмектесіп келеді. Барлық алматылыққа амандық пен бақыт тілеймін».
«Бүгін, осынау мерекелі күні, құрметті алматылықтар, сіздерге зор алғысымды білдіремін. Қаламызды тартымды орталыққа айналдырған – өздеріңіз. Мен 23 жыл бойы осы қаланы дамыту және көркейту жұмыстарына тікелей атсалыстым. Бірақ бір күні осы сахнада тұрып, «Алматы қаласының Құрметті азаматы» деген жоғары атаққа ие боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Меніңше, бұл жай ғана марапат емес, сонымен бірге көпжылдық тәжірибемді жастарға жеткізуге, бөлісуге үлкен серпін береді. Қаламызды алдағы уақытта да бірге дамытып, көркейте берейік», – деді Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет» ордендерінің иегері Клара Летникова.
Алматының тарихы – оның көрікті көшелері мен зәулім ғимараттарының тарихы ғана емес. Бұл осы қалаға бар жүрегімен қызмет еткен адамдардың тарихы. Ал «Құрметті азамат» атағы – сол еңбектің қоғам алдындағы жарқын мойындалуы.
Салтанатты кештің сәнін Алтынбек Қоразбаев, Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Сейдоллаұлы және Мәдина Сәдуақасова секілді отандық эстрада жұлдыздарының концерті толықтырды.
Айта кетейік, Alma Qala Fest фестивалі екі күнге жалғасады. Қазіргі уақытта Абай алаңында «Алма аймағы», «Шеберлер қалашығы», балалар және крафт ойындар аймағы, AI & ROBOT ZONE және фуд-корт жұмыс істеп тұр.
Алматыда дәстүрлі түрде қыркүйектің үшінші жексенбісінде тойланатын Қала күніне орай мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Қаланың түрлі алаңдарында концерттер, фестивальдер, қойылымдар және басқа да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған.
Абай алаңында Otbasy Fest фестивалі басталды. Мұнда Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды алматылықтарды мерекемен құттықтады.
«Баршаңызды Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алматының дамуына үлес қосып жүрген әрбір тұрғынға алғыс білдіремін. Халықаралық рейтинг агенттіктерінің зерттеулеріне сәйкес, Алматы Орталық Азиядағы ең көркем қала атанып, жаһандық Оңтүстіктің жетекші 30 қаласы қатарына енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының дамуына ерекше мән беріп, оның еліміздің тәуелсіздігінің бесігі ретіндегі тарихи маңызын атап келеді. Жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесінде бүгінде шаһар экономикасының көлемі 72 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазақстанға тартылатын шетелдік инвестициялардың 40%-дан астамы, елдегі жалпы өнімнің төрттен бірі, ал мемлекеттік бюджет кірістерінің үштен бірі Алматы қаласына тиесілі», – деді Дархан Сатыбалды.
Алматы әкімі қалаға «бақ-қала» мәртебесін қайтарудың маңызын атап өтіп, осы мақсатқа жету үшін барша тұрғынды атсалысуға шақырды. Осы бағытта қалалық тәлімбақтар желісі құрылып, онда отырғызуға арналған көшеттер өсіріледі. 2030 жылға дейін қала көшелеріне, скверлер мен саябақтарға 1 миллионнан астам ағаш егу жоспарланған. Бұл қаланы ауқымды жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі. Қазір көшелер мен қоғамдық кеңістіктерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары алдағы жылдары Алматының заманауи келбетін қалыптастырады.
«Алматы әрдайым жоғары руханияттың, қоғамдағы өзін-өзі ұстау мәдениетінің үлгісі болып келді. Енді жаңа қоғамдық әдепті қалыптастыруға бәріміз жұмыла кірісетін кез келді. Оның негізінде бір-бірімізге деген құрмет, сезімді ұстамдылықпен білдіру және жоғары азаматтық жауапкершілік жатуы керек. Нағыз алматылық рухымыз осыдан көрінуге тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Құттықтау сөзінен кейін шаһар басшысы Алматының дамуына елеулі үлес қосқан 10 тұрғынға «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағын берді. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, мәдениет, құрылыс және денсаулық сақтау саласының өкілдері, сондай-ақ білім, спорт және кәсіпкерлік саласының мамандары бар.
Бұл атаққа еңбек ардагері, мемлекет қайраткері Ғайникен Бибатырова, еңбек ардагері Клара Летникова, дирижер әрі композитор Мұрат Серкеев, суретші Амандос Ақанаев, сәулетші және қала құрылысы маманы Орысбай Баймырзаев, белгілі хирург, қоғам қайраткері Орынбай Дайырбеков, жеңіл атлет, Қазақстанның жеңіл атлетикадан жаттықтырушысы Әмин Тұяқов, ҚР ҰҒА академигі, профессор, медицина ғылымдарының докторы Болатбек Баймаханов, мемлекет қайраткері әрі кәсіпкер Қалдыбай Қазанбаев және көркейту саласының өкілі Александр Кин ие болды.
Мерекелік бағдарлама «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, Қазақ мемлекеттік циркі артистерінің, ASU тобы мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұжымының өнер көрсетуімен жалғасты. Кеш соңында Ratovich концерті және Best of NE PROSTO ORCHESTRA бағдарламасы ұсынылады.
Музыкалық бағдарламаның басты іс-шаралары Астана алаңында өтеді. Мұнда «Сенім» вокалдық хоры, «Отырар сазы» академиялық оркестрі, «Рабат» ансамблі, «Астра» тобы, Muzart Life және басқа да орындаушылардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Кешке Almaty Vibes музыкалық фестивалі басталып, оның сахнасында Мақпал Жүнісова, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA, Айдана Меденова, Жандос Қаржаубай және басқа да танымал өнерпаздар өнер көрсетеді.
20 қыркүйекте Астана алаңында Almaty Zhuldyzy фестивалі өтеді. Көрермендер алдында Азамат Төрехан, Дана Кентай, Kesh You тобы, ILHAN, «Дос-Мұқасан» ансамблі, Роза Рымбаева, «Ялла» тобы және басқа да орындаушылар өнер көрсетеді. Кештің хедлайнері – әлемге танымал DJ IMANBEK.
Панфилов жүргіншілер көшесінде екі күн бойы дәстүрлі Alma Qala Fest фестивалі өтеді. Қонақтарға балалар аймағы мен этноаймақ, экологиялық аймақ, киноаймақ, Digital-аймақ, спорт алаңдары мен фудкорт ұйымдастырылады. Фестивальдің басты іс-шараларының бірі - әйгілі алматылық апорттың 200 тоннадан астамын сату.
Қала күнін атап өту аясында Алматыда бір алаңға 1000 жас суретшіні біріктірген ауқымды «Almaty: Bala.Art – Мың бала» балалар пленэрі өтті.
Шығармашылық мерекенің басты оқиғасы – ұлттық рекордтың ресми тіркелуі болды. «Almaty: Bala.Art – Мың бала» еліміздегі ең ауқымды балалар пленэрі ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына (КИнЭС) енді.
Мың жас алматылық бір мезетте туған қаласына арналған картиналар салды. Балалар өз жұмыстарында Алматыны оның тарихы мен танымал нышандары арқылы бейнеледі. Олардың қатарында Ұлы Жібек жолы мен Алтын адам, көне көшелер мен әйгілі апорт, тау шыңдары, субұрқақтар мен гүлзарлар, заманауи мегаполис және болашақ Алматы бар.
Тағы бір айтулы оқиға – Алматы балалық шағы гимнінің тұсаукесері болды. Жаңа композицияны алғаш рет балалардың құрама хоры мен пленэрге қатысушылар орындады.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Туған күніңмен, сүйікті Алматы!» атты мерекелік концерттік бағдарлама да өтті.
Алматы қаласы Білім басқармасының жаңа мәдени-білім беру жобасы ауқымды шығармашылық акциямен ғана шектелмей, мың баланы ортақ идея төңірегіне біріктірді. Олар сүйікті қаласы туралы өнер тілімен әңгімеледі.
Іс-шараның қорытынды сәтінде ауқымды композиция ұсынылды: жас суретшілер балалар шығармашылығының, бірліктің және туған Алматыға деген сүйіспеншіліктің символы ретінде «Almaty: Bala.Art – Мың бала» рәміздері бейнеленген кенепті бірге жайды.
Мың бала. Сүйікті қалаға мың түрлі көзқарас. Бір Алматы. Және Қазақстанның жаңа рекорды.
Алматыда Қала күнін атап өту аясында қалалық «КітапFest» кітап жәрмеңкесі басталды. Екі күнге созылатын мәдени іс-шараның алғашқы күнінде Арбат алаңында қала тұрғындары мен қонақтарына әдебиет әлеміне бойлау, жазушылармен жүздесу және жаңа кітаптармен танысу мүмкіндігі ұсынылды.
Биыл жәрмеңкеге 60-тан астам баспа қатысып, оқырмандар назарына түрлі жанр мен бағыттағы жаңа және таңдаулы басылымдарын ұсынды. Келушілер өз қызығушылығына сай кітап таңдап қана қоймай, отандық авторлармен кездесіп, әңгімелесіп, олардың шығармашылығы туралы пікір алмаса алады.
Жәрмеңкенің алғашқы күнінде белгілі ақын-жазушылармен әдеби кездесу өтуде. Кездесуге қатысушылар шығармашылық, кітап оқу мәдениетінің маңызы және қазіргі оқырман талғамы туралы ой бөлісіп, қонақтардың сұрағына жауап беруде.
Кездесу барысында жазушы әрі драматург Әлішер Рахат Алматы тұрғындарын Қала күнімен құттықтап, «КітапFest» жыл сайын оқырмандар мен жазушыларды, әдеби орта мен қала тұрғындарын тоғыстыратын маңызды мәдени алаң екенін атап өтті.
Жәрмеңкеге келген алматылықтар да ұсынылған кітаптар мен авторлармен кездесуге үлкен қызығушылық танытуда.
«Бүгін кітап жәрмеңкесіне арнайы келдім. Мұнда түрлі жанрдағы кітаптар өте көп екен, өзіме ұнаған бірнешеуін таңдап қойдым. Әсіресе отандық авторлармен кездесіп, олардың шығармалары туралы өз ауыздарынан есту қызықты болды», – деді алматылық студент Асылжан Бауыржанұлы.
Алматыда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға және оқырман мен әдеби орта арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жобалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. «КітапFest» кітап жәрмеңкесі – осындай мәдени бастамалардың бірі. Мұндай іс-шаралар кітап оқу мәдениетін дамытуға, отандық әдебиетті насихаттауға және қаланың мәдени өмірін байытуға ықпал етеді.
Еске салайық, қалалық «КітапFest» кітап жәрмеңкесі 19–20 қыркүйек күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Арбат алаңында өтеді. Алматы тұрғындары мен қонақтары жәрмеңкеге келіп, оның бағдарламасына қатыса алады.