
2026 жылы 23-30 наурыз аралығында Тяньцзинь қаласында (Қытай Халық Республикасы) жастар арасында ушу-саньдадан әлем чемпионаты өтті. Ірі халықаралық жарысқа 78 елден 1000-нан астам спортшы қатысып, турнирдің мәртебесі мен жоғары бәсеке деңгейін көрсетті.
Алматы қаласы Спорт басқармасы өкілдерініі мәліметінше, бұл чемпионатта Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ел тарихында алғаш рет жастар арасындағы ушу-саньдадан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Үш бірдей қазақстандық спортшы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олардың қатарында алматылық Богдан Неумывакин де бар.
80 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Богдан турнир бойы жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеп, барлық қарсыласынан басым түсті.
Жоғары шеберлік деңгейін, тамаша техникалық-тактикалық дайындығын көрсетті. Әрбір жекпе-жекте ол қарсыластарынан басым түсіп, финалда да айқын жеңіске жетіп, алтын жүлдені қанжығасына байлады.
Жарыс қорытындысы бойынша Богдан Неумывакин жастар арасында ушу-саньдадан әлем чемпионы атанып, ұлттық құраманың жалпы жетістігіне зор үлес қосты.
Алматылық спортшының бұл жеңісі жүйелі дайындықтың, табанды еңбектің және бапкерлер құрамының кәсіби жұмысының айқын нәтижесі. Бұл жетістік Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтып, жас спортшыларға үлгі-өнеге болмақ.
Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының хабарлауынша, Циолковский көшесі, 2/324 мекенжайында орналасқан нысан сот шешімімен заңсыз деп танылған.
Бұған дейін жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында меншік иесінің рұқсатсыз 4 қабатты ғимарат салғаны анықталды.
Меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, сотқа талап арыз берілді. Ұзаққа созылған сот процестерінің нәтижесінде апелляциялық сот алқасы заңсыз салынған нысанды бұзу туралы қаулы шығарды. 2026 жылы 23 ақпанда Әділет департаментінде атқарушылық іс қозғалды.
Басқарма мәліметінше, бірер күн бұрын сот орындаушыларының қатысуымен ғимаратты бұзу жұмыстары басталды.
Алматының Алатау ауданында 2026 жылы инженерлік желілерді тартудан бастап жол салу мен көркейтуге дейінгі инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Данияр Қырықбаев мәлімдеді.
Негізгі мәселелердің бірі Мәдениет және Теректі шағынаудандарындағы жолдың жағдайы. Мәдениет шағынауданында жобалық-сметалық құжаттама дайын, қазіргі уақытта инженерлік желілер тартылып жатыр. Оларды жыл соңына дейін аяқтап, кейін жол құрылысына кірісу жоспарланған.
Теректі шағынауданында 2025 жылдың қыркүйегінен бері 96 шақырым су құбыры және кәріз желілері тартылуда. Бүгінде жұмыстардың шамамен 40%-ы орындалып, 20-ға жуық көше асфальт төсеуге дайындалды.
«Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде: алдымен инженерлік желілер, содан кейін жол салынады. Бұл қайта қазу жұмыстарын және қосымша шығынды болдырмауға мүмкіндік береді. Бірқатар шағынауданда жұмыстар белсенді кезеңге өтті», — деді Данияр Қырықбаев.
Рахат-Мәдениет шағынауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Мұнда бір тарату қосалқы станциясы мен 38 трансформаторлық қосалқы станцияны қамтитын 79,4 шақырым электр желілері тартылуда. Жобаны түзетуге байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылған, себебі кейбір учаскелер кабель тартуға берілмеген. Сараптамадан өткен соң құрылыс қайта жалғасады.
Жалпы Рахат-Мәдениетте ұзындығы 131 шақырымнан асатын инженерлік коммуникациялар құрылысы жүзеге асырылуда. Жобаның орындалу деңгейі – 95%, аяқталуы 2026 жылдың тамызына жоспарланған. Теректі шағынауданында шамамен 1700 үйді қамтитын осыған ұқсас жоба 2026 жылы желтоқсанға дейін аяқталады.
Брифинг барысында Самғау шағынауданындағы Аршалы көшесі бойындағы жер учаскелерін алып қою мәселесі де қаралды. Бұл жұмыстар Тілендиев көшесін ұзарту жобасына байланысты қолға алынған. Бірінші кезеңде 111 учаске мемлекет мұқтажы үшін алынады. Өтемақы мөлшерін тәуелсіз бағалаушылар анықтайды, ал келіспеген тұрғындар сотқа жүгінуге құқылы. Тұрғын үй беру қарастырылмаған, өтемақы ақшалай төленеді.
Сондай-ақ, Рысқұлов даңғылынан төмен орналасқан Саин көшесінде жол құрылысы жалғасуда. Нысанның дайындығы шамамен 70%. Жұмыстарды аяқтап, қозғалысты 2026 жылы қыркүйек айының соңына дейін ашу жоспарланған.
Әйгерім шағынауданында биыл сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қамтитын инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін көшелерге, оның ішінде Наби көшесі сияқты проблемалық учаскелерге асфальт төселеді.
Көріктендіру бағытында Шаңырақ-1 шағынауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында төрт қоғамдық кеңістік пайда болады. «Атлеттер ауылында» аулаларды кешенді жаңарту жалғасады: көгалдандыру, жарықтандыру, балалар және спорт алаңдарын салу көзделген. Жұмыстар екінші тоқсанда басталады.
Көкқайнар шағынауданында су басу мәселесі де назарға алынды. Оның негізгі себебі — Боралдай өзені арнасының өткізу қабілетінің төмендігі. Мәселені шешу үшін өзен арнасын қайта жаңғырту және іргелес аумақты көріктендіру жобасы жүзеге асырылуда. Жұмыстарды 2026 жылы тамызда аяқтау жоспарланған.
«Біз мәселелерді жүйелі түрде шешіп, аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ірі жобаны қатар жүзеге асырып жатырмыз. Негізгі басымдық — ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған», — деп сөзін қорытындылады Данияр Қырықбаев.
Алматының Алатау ауданында инженерлік және жол инфрақұрылымын ауқымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Биылдың өзінде жалпы ұзындығы шамамен 136 шақырым болатын су құбыры мен кәріз желілерінің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар ондаған шақырым жаңа жолдардың құрылысы басталды. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сапасын едәуір арттырып, базалық коммуналдық қызметтер мен көлік қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев мәлімдеді.
«Аудан дамуының негізгі қағидаттарының бірі — қаланың полиорталықты моделін іске асыру. Біз барлық шағынауданда өмір сапасының тең деңгейін қамтамасыз ету үшін инженерлік және көлік инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып келеміз. Бұл — Алатау ауданының тұрақты өсімінің берік негізі», — деді әкім.
Оның айтуынша, 2026 жылы Шапағат, Теректі, Болашақ және Рахат-Мәдениет шағынаудандарында жалпы ұзындығы 135,9 шақырым болатын су және кәріз желілерінің құрылысы аяқталады. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 34 мың тұрғын орталықтандырылған коммуналдық қызметтермен қамтылады.
«Бұл соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Оның жүзеге асуы тұрғындардың тұрмыс жайлылығын арттырып қана қоймай, санитария және экология мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. 2026 жылдың соңына қарай аудан толықтай орталықтандырылған су және кәріз жүйелерімен қамтылады», — деді Данияр Қырықбаев.
Сонымен қатар ауданда жол инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, бұрын облыстан қосылған шағынаудандарда бұл бағыттағы жұмыстар қызған. Биыл Боралдай, Теректі және Рахат-Мәдениет шағынаудандарында жалпы ұзындығы 78,3 шақырым болатын жаңа жолдардың құрылысы басталды. Сондай-ақ Рысқұлов даңғылының 2,3 шақырым, Саин көшесінің 3,2 шақырым және Тілендиев көшесінің 10,5 шақырым учаскелерін салу жобалары қолға алынды.
«Жаңа шағынаудандардағы жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл көлік байланысын жақсартып, тұрғындардың әлеуметтік және экономикалық нысандарға қолжетімділігін арттырады. Жолдарды кешенді дамыту — біздің стратегиялық бағытымыздың маңызды бөлігі», — деді әкім.
Бұдан бөлек, биыл жалпы ұзындығы 107 шақырым болатын 163 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар 27 мың шаршы метр жол жабынына ағымдағы жөндеу жүргізу және 3 мың шаршы метр тротуар салу көзделіп отыр.
Қалалық ортаны көріктендіру мәселесіне де ерекше назар аударылуда. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2026 жылы жүзеге асырылатын 43 жоба анықталды. Бұл мақсаттарға 2,5 млрд теңге қарастырылған.
Аталған жобалар Зерделі, Шаңырақ-1 және 2, Нұркент, Ақкент, Ақбұлақ, Алғабас, Саялы, Көкқайнар, Томирис, Әйгерім, Боралдай шағынаудандарын, сондай-ақ «Теплоэнергетик» саяжай алқабын қамтиды. Қазіргі таңда мердігер ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдері жүргізіліп жатыр.
Алатау ауданы көріктендіру мен көгалдандыру жұмысына көп көңіл бөліп, оны жан-жақты қолға алып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте аудан әкімі Данияр Қырықбаев осылай деді.
Ауданда қазір 145 жасыл аймақ бар, оның ішінде:
• 25 алаңқай мен жүргіншілер аймағы,
• 119 балалар мен спорт алаңы,
• 1 бульвар бар.
Бұл нысандарға 11 мердігер ұйым мен 260 адам қызмет көрсетеді.
Жасыл желекті күтіп ұстау үшін 17 мың ағаш кесіліп, 38 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылды. Екі әдіспен суарады оларды:
• Қолмен (механикалық) – 85 учаскеде (96,3 га);
• автоматты – 18 учаскеде (25 га).
Биыл қосымша 28,2 шақырым автоматты суару жүйесі салынады.
«Қоғамдық кеңістікті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Саялы шағынауданында Үлкен Алматы каналының бойындағы «Ұлы дала» скверін көркейтуді жоспарлап отырмыз», – дейді аудан әкімі.
Сквердің аумағы 1,2 гектар болады. Жоба аясында:
• сәулеттік және жарық элементтерін орнату,
• арт-нысандар,
• жарықтандыру,
• көгалдандыру мен автоматты суару жүйесін енгізу қарастырылған.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Биыл 43 жоба іріктеліп, оларды іске асыруға 2,5 млрд теңге бөлінді.
Жобалар Шаңырақ, Нұркент, Ақкент, Ақбұлақ, Алғабас, Саялы, Көкқайнар, Томирис, Әйгерім мен Боралдай шағынауданында жүзеге асады.
Қазір жобаның мердігерлерін анықтау үшін байқау өтіп жатыр.
Алатау ауданы негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Данияр Қырықбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 45,9 млрд теңге түсті, бұл жылдық жоспардың 32%-ы. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда түсім 8,3 млрд теңгеге артып, 122%-ға жетті. Оның ішінде республикалық бюджетке 17,1 млрд теңге, жергілікті бюджетке 28,8 млрд теңге түскен.
Өнеркәсіп саласында да айтарлықтай өсім бар. 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 212,6 млрд теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 81,9 млрд теңгеге артық, яғни өсім 62,6%.
Алатау ауданының Алматы қаласының жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 37,1%-ға жетті.
«Бүгінде аудан қаланың өнеркәсіп көлемінің үштен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Бұл оның мегаполис экономикасындағы маңызды рөлін көрсетеді», — деді әкім.
Өнеркәсіп секторында 3 ірі және 11 орта кәсіпорын жұмыс істейді.
Сауда саласында да оң динамика байқалады. Қаңтар–ақпан айларында бөлшек сауда көлемі 52,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,1% болды.
Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7 млрд теңгеге немесе 15,5%-ға артқан.
Сонымен қатар инвестиция көлемі 68,1 млрд теңгеге жетіп, жылдық мәнде 58,8 млрд теңгеге өскен.
2026 жылы 25-29 наурыз аралығында Қарағанды қаласында дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Ауқымды жарысқа еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан 863 спортшы қатысып, турнирдің жоғары бәсекелестік деңгейі мен республикалық маңызын айқындады.
Чемпионат қорытындысы бойынша Алматы қаласының құрамасы жоғары дайындығын көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.
Алматы қаласы Спорт басқармасы өкілдерінің айтуынша, алматылық спортшылар 7 медаль жеңіп алды: 3 алтын, 1 күміс және 3 қола.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер:
Хамза Әуелбек (55 кг) — 1 орын
Рания Оңласын (57 кг) — 1 орын
Ахмад Кенешбек (+73 кг) — 1 орын
Миарс Әмзе (73 кг) — 2 орын
Аслан Нұрмаханбет (42 кг) — 3 орын
Тілек Бекбосын (50 кг) — 3 орын
Диана Забейворотина (+63 кг) — 3 орын
Жалпы Алматы қаласының құрамында 34 спортшы өнер көрсетті, оның ішінде 18 ұл және 16 қыз бар.
Кезекті азаматтарды қабылдау барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов тұрғындардың білім беру және идеология салаларын дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерін қарастырды.
Кездесу барысында негізгі назар мәдениет, білім беру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тақырыптарына аударылды.
Азаматтар мәдени бастамаларды кеңейту, қаланың шығармашылық өкілдерін қолдау, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар, қаладағы азаматтық белсенділікті арттыруға және түрлі бастамаларды қолдауға бағытталған жобаларға қатысты мәселелер де жеке қаралды.
Келіп түскен өтініштер қолданыстағы заңнама шеңберінде қарастырылды. Азаматтарға тиісті түсіндірмелер беріліп, айтылған ұсыныстарды қосымша зерделеу және оларды іске асыру бойынша нақты ұсыныстар енгізу үшін жауапты құрылымдық Басқармаларға тапсырмалар жүктелді.
Алматыда XI өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты WorldSkills Almaty – 2026 мәресіне жетті. Жарысқа 470-тен астам колледж студенті қатысып, 57 құзырет бойынша шеберлік көрсетті. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері айтты.
Жарыс 25-27 наурыз аралығында өтті. Негізгі алаңдар «Атакент» ҚІЫО базасында, сондай-ақ қала колледждерінде ұйымдастырылды. Қатысушылар ақпараттық технологиялар, құрылыс, өндіріс, көлік және логистика, өнер және дизайн, қызмет көрсету және білім беру бағыттарын қамтитын 7 салада бақ сынады.
Биыл жарыс бағдарламасы кеңейіп, «Шатыр жабу жұмыстары» мен «Құтқару жұмыстары» секілді жаңа құзыреттер енгізілді. Бұл еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандықтардың артып келе жатқанын көрсетеді.
Қатысушылардың жұмысын 500-ден астам сарапшы бағалады, олардың 30%-ы – жұмыс берушілер өкілдері. Бағалау ашықтығын қамтамасыз ету үшін CIS цифрлық жүйесі қолданылды.
Чемпионат қорытындысы бойынша:
1-орынды — 75 қатысушы,
2-орынды — 89 қатысушы,
3-орынды — 71 қатысушы иеленді.
77 қатысушы «Кәсібилік үшін» медальонымен марапатталды.
Кей бағыттарда жеңімпазды анықтау оңайға соқпай, қатысушылардың нәтижелері тең түсті.
Негізгі жарыстармен қатар 9-сынып оқушыларына арналған JasSkills Almaty – 2026 және ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге арналған Abilympics жарыстары өтті.
Чемпионат алаңдарына 12 мыңнан астам оқушы келді. Олар үшін «Менің болашақ мамандығым» атты кәсіптік бағдар беру жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Салтанатты жабылу рәсімі 30 наурыз күні Оқушылар сарайында өтті. Өңірлік кезең жеңімпаздары Алматы құрамасына еніп, елордада өтетін WorldSkills Kazakhstan – 2026 ұлттық чемпионатында қаланың намысын қорғайды.
Чемпионатты өткізу қолданбалы дағдыны дамытуға және қазіргі экономиканың талаптарына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Алматы қаласының спортшылары спорттық және батуттық гимнастикадан Қазақстан Республикасының екі ірі чемпионатында табысты өнер көрсетті. Бұл туралы қалалық спорт басқармасының өкілдері айтты.
25–29 наурыз аралығында Алматыда еліміздің 8 өңірінен келген командалардың қатысуымен спорттық гимнастикадан Қазақстан чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша қала құрамасы 14 медаль жеңіп алды: 4 алтын, 3 күміс және 7 қола. Сонымен қатар команда жалпыкомандалық есепте бірінші орынға жайғасты.
Көпсайыста Илана Раздыкова мен Алтын-Аяла Бақыт бірінші орын иеленді. Жүлдегерлер қатарында Вероника Светоносова, Алиса Карпенко, Айзере Серік және Аяла Шыңғысқызы бар.
Жекелеген сайыстарда:
қоссырықта — Эвелина Ежова (1 орын), Вероника Светоносова (2 орын), Айзере Серік (3 орын);
тірекпен секіруде — Илана Раздыкова (1 орын), Аделина Кригер (3 орын);
бөренеде — Эвелина Ежова және Аделина Кригер (3 орын);
еркін жаттығуларда — Илана Раздыкова (3 орын).
Жарыс кезеңі 25–30 наурыз аралығында Павлодар қаласында өткен батуттық гимнастикадан Қазақстан чемпионатымен жалғасты. Оған 9 қаладан 220 спортшы қатысты.
Алматы құрамасы 6 медаль жеңіп алды: 1 алтын, 3 күміс және 2 қола.
«Акробатикалық жол» дисциплинасында Милана Флегентова жеңімпаз атанды.
Қос шағын-трампта Кристина Черных күміс, Милана Флегентова қола медаль иеленді.
Синхронды секіруде Әлиасқар Амангелді мен Абай Бердібай күміс, Александр Волков мен Глеб Парфенов қола жүлдеге ие болды.
Акробатикалық жол бойынша командалық есепте Елизавета Филимонова, Милана Флегентова, Алина Петрова және Раушан Қанапия құрамындағы Алматы командасы екінші орынды иеленді.
Қалалық спорт басқармасы мамандары атап өткендей, алматылық гимнасттардың нәтижесі спортшылардың жоғары дайындық деңгейін және республикалық жарыстардағы тұрақты көрсеткішін тағы бір мәрте дәлелдеді.