Құрметті Әуезов ауданының тұрғындары!
Сіздерді кезекті кездесуде көргеніме қуаныштымын!
Осы кезге дейін біз бір кездесу өткізген болатынбыз. Онда ауқымды мәселелер көтерілген еді. Мәселелер негізінен әлеуметтік салаға, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға, ауданды абаттандыруға және ескі тұрғын үйді жаңартуға қатысты болды.
Барлығы 90-нан астам мәселе қаралып, кездесу барысында тұрғындар қойған сұрақтардың жартысына түсініктеме берілді. Қалған сұрақтар бойынша қалалық басқармалар мен коммуналдық қызметтерге хаттамалық тапсырмалар бердім.
Бүгінгі күні тапсырмалардың 91%-і орындалды, қалғандары орындалу сатысында. Сіздер көтеретін мәселелерді шешу жолдары мен тәсілдері туралы қысқаша ақпарат беруге рұқсат етіңіздер.
Бірінші. Әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ауданның ең өзекті мәселесі болып табылады.
Білім беру
1) Оқушы орындарының тапшылығын төмендету мақсатында ауданда 2022 жылға 1 мектепті ашу, 3 мектепті кеңейту және 2 жаңа мектепті жобалау жоспарланған.
Биылғы маусым айында 4-ші шағын ауданда 400 орындық «Достық» жеке мектебі ашылды.
1 қыркүйекке қарай №117 мектепке 900 орындық және №132 мектепке 825 орындық 2 жапсаржай пайдалануға беріледі.
Әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде құрылыс салушы Everest Development жылдың соңына дейін 400 орындық №104 мектепке 2-шағын ауданда қосымша құрылыс салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді жоспарлап отыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылға жоспарланған.
Салынып жатқан «City plus» және «Белкамит» тұрғын үй кешендерінің жанында құрылыс салушы Қазақстрой 1 500 орындық 2 жаңа мектеп және 800 орындық 2 балабақша салуды жоспарлап отыр.
«City plus» кешенінің жанында 600 орындық мектеп және 300 орындық балабақша салу үшін әкімдік жер учаскесін алып қоюды жүргізуде.
900 орындық екінші мектеп пен 500 орындық балабақша құрылысы бойынша құрылыс салушы бұрынғы «Белкамит» зауыты аумағының бір бөлігін сатып алуға әрекет жасауда.
Осы 4 білім беру объектісі бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы келесі жылдың І жартыжылдығында әзірлеп, ал құрылысты 2023 жылдың ІІ жартыжылдығында бастап, 2024 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
2) Сонымен қатар, биылғы мамыр айында 3 мектепте (№122, 141, Білім-инновация лицейі) сейсмикалық тұрғыдан күшейте отырып, күрделі жөндеу басталды. Оның аяқталу мерзімі - 2023 жылдың III тоқсаны.
Жөндеу жүргізу кезінде 122-мектептің оқушылары №86 және №111 мектептерде, 141-мектептің оқушылары №126 және №132 мектептерде, ал Білім-инновация лицейінің оқушылары №153 және №202 мектептерде орналастырылатын болады.
3) Мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын азайту үшін 280 орындық 2 мемлекеттік балабақша салу жоспарлануда.
Алтын бесік шағын ауданында 120 орындық бірінші балабақшаның жобалау-сметалық құжаттамасы қазан айының соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өтіп, әзірленеді. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың I тоқсанында бастауды жоспарлап отырмыз.
10-шағын аудандағы 160 орындық екінші балабақшаны салу үшін қараусыз қалған балабақша ғимараты сатып алынды. Қыркүйек айында бюджетті нақтылау кезінде жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінеді. Келесі жылы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін қолданыстағы ғимаратты бұзып, құрылысты бастауды жоспарлап отырмыз.
Денсаулық сақтау
Денсаулық сақтау саласында емханалардың шамадан тыс жүктелуі проблемалық мәселе болып отыр. Медициналық қызмет көрсетуге арналмаған үй-жайларда орналасқан 3 филиалда орналасқан және Мамыр, Таугүл мен Қуаныш, Шабыт және Атамекен шағын аудандарының 30 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін 18-емхана бұған айқын мысал бола алады.
Аталған емхананы жеңілдету үшін маусым айында Мамыр шағын ауданынан ауысымына 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория салуға тапсырма бердім, жұмыстар 2023 жылдың I тоқсанында аяқталуы тиіс.
Сондай-ақ, Қуаныш шағын ауданында ауысымына 300 келушіге арналған №18 емхананың жаңа негізгі ғимаратын салу үшін жер учаскесі анықталды. Жылдың соңына дейін учаскені сатып алу рәсімін аяқтаймыз. ЖСҚ әзірлеп, құрылыс жүргізуді келесі жылы бастауды жоспарлап отырмыз.
Екінші. Көлік және жол инфрақұрылымы
1) Биылғы 12-мамырда өткен алғашқы кездесуіміз барысында аудан тұрғындары Ақсай-1А шағын ауданының бірнеше үйінің ауласы мен Жетісу-2 шағын ауданындағы № 31 үйдің маңындағы қозғалысты қауіпсіздендіру туралы өтініш білдірген болатын. Бүгінгі таңда аталған мекенжайлар бойынша жылдамдықты шектейтін жол белгілері мен «жылдамдық бәсеңдеткіш» орнатылды.
Ауданның жол инфрақұрылымының сапасын арттыру мақсатында 50 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Сондай-ақ, ұзындығы 16,9 км 17 көше мен өтпе жолдар орташа жөнделді. Жалпы, биылға ұзындығы 32,4 км 23 көше мен өтпе жолдар жоспарланған. Жұмыстар биылғы қарашаның соңына дейін аяқталатын болады.
2) Көлік ағынының шамадан тыс артуы проблемасын шешу үшін:
- биылғы мамыр айында метрополитеннің «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» деген 2 жаңа станциясы іске қосылды. Бұл метроның күнделікті жолаушылар ағынын 50 мыңнан 70 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
- Төле би көшесін ұзарту жалғасуда, нәтижесінде жер учаскелерін сатып алынуда. Бүгінде 270 учаскенің 59-ы сатып алынды және инженерлік желілерді шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
3) Жауын-шашын мол жауған кезде аудан көшелерін су басу проблемасы аса өзекті болып отыр. Аудан бойынша үнемі су басатын 5 учаске анықталды. Бұлар Төле би көшесінің қиылысы – Яссауи көшесі, Райымбек даңғылы – Момышұлы көшесі. Райымбек даңғылы-Яссауи көшесі, Абай даңғылы – Алтынсарин даңғылы, Цветочная көшесі.
Бүгінгі күні төтенше жағдай желісі бойынша 2 учаске реттелді, қалған 3 учаске жыл соңына дейін реттелетін болады. Ол үшін жыл соңына дейін Момышұлы көшесінде ені 1 метр және ұзындығы 2,1 км Жұбанов көшесінен Райымбек даңғылына дейін жаңа су бұру каналы салынады, сондай-ақ Жұбанов, Қабдолов, Өтеген батыр көшелерінің бойындағы ұзындығы 3,5 км коллектор қалпына келтіріледі.
Бұдан басқа, 2023 жылдың соңына дейін ұзындығы 44 км 67 көшеде арық желілері салынып, қайта жаңғыртылады. Жылдың соңына дейін ұзындығы 4 км 5 көшені аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Үшінші. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту
1) Халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесі қала әкімдігі үшін басым мәселе болып қала береді.
Бүгінгі таңда менің тапсырмам бойынша Достық, Мамыр-4 шағын аудандарында, «Саин-Шаляпин-Жандосов – Қарғалы өзені» көшелерінің орамында, сондай-ақ «Арычная, Ықылас, Западная» көшелерінде ұзындығы 61,8 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуға және жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
2023 жылдың I тоқсанында мемлекеттік сараптаманың қорытындысын ала отырып, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтау жоспарлануда. 2023 жылдың II тоқсанында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз.
Аталған жобаларды іске асыру 2000-нан астам абонентті сапалы сумен және канализациямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2) Биылғы 12 мамырда өткен кездесу барысында «Восход» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары маған жеке аумақта орналасқан трансформаторлық қосалқы станцияны ауыстыру туралы өтініш білдірген болатын. Бүгінгі күні бұл қосалқы станция жақын орналасқан бос жер учаскесіне ауыстырылды.
Сонымен қатар, Сайран шағын ауданында Төле би – Өтеген батыр – Жұбанов – Сайран көлінің орамында ұзындығы 900 м таратушы жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады. Аталған шаралар 16 көппәтерлі тұрғын үйде, 12 заңды объектіде және 1 мектепте жылуды үздіксіз беруді қамтамасыз етеді.
3) Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту мәселесі Әкімдіктің басты назарында.
«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасы аясында 2022 жылдың басынан бастап 8 үйдің жалпы пайдаланымдағы орындары жөнделді және 97 үйдің 190 лифтісі ауыстырылды.
Биылғы жылдың соңына дейін 8 үйдегі 12 лифтіні қосымша ауыстыруды және 32 үйдегі жалпы пайдалану орындарын жөндеуді жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, Саин көшесіндегі №4 үй тұрғындарының өтініші бойынша мен №4, №4/1 және №4/2 үйлердің жұмсақ шатырын қалпына келтіруді тапсырдым. Шатырларды кепілдік міндеттемелер шеңберінде мердігер ұйым қалпына келтірді.
4) Басқарудың жаңа нысандары пәтер иелерінің кооперативінен мүлік иелерінің бірлестігіне көшу жайына арнайы тоқталып өткім келеді. Жаңа нысанға өтуді аяқтау мерзімі 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды. Жалпы, Әуезов ауданында 338 мүлік иелерінің бірлестігі және 1189 жай серіктестік құрылып, тіркелді. Бұл 87%-ті құрайды. Жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау керек.
Төртінші. Абаттандыру
Кездесулерде қала тұрғындары ағаштарды санитарлық кесу мәселелерін жиі көтеруде. Атап айтқанда, тұрғындардың ұсыныстары бойынша №155 мектептің артындағы апатты ағаштарды санитарлық кесу жүргізілді.
1) 2022 жылдың соңына дейін 191 аула аумағын күрделі жөндеуді аяқтау жоспарлануда (2021 жылы – 99). Бүгінгі күні 9 және 11 шағын аудандардағы 30 аулада құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Олар биылғы жылдың қыркүйек айында аяқталады. Қалған шағын аудандар бойынша: Жетісу–1,2,3,4 7,8,10,12, (161 аула) өнім берушіні анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
2) «Халық қатысатын бюджет» шеңберінде биыл іріктелген 23 жоба бойынша 800 млн.теңге сомасына құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Барлық жобаларды іске асыру тамыз айының соңына дейін аяқталады.
3) Тұрғындардың ұсынысы бойынша қаражат бөлінді және бүгінгі күні Ақсай-2 шағын ауданындағы скверді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Бесінші. Перспективалық жобалар
1) Алғашқы кездесуімізде тұрғындар маған Алтынсарин даңғылын реконструкциялау туралы ұсыныс жасаған еді. Бүгінгі күні ауданның 6 магистралды көшесі, оның ішінде Алтынсарин даңғылында жаяу жүргіншілер кеңістігін қайта құру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде (шебер-жоспар).
- Абай даңғылы, Алматы өзенінен Момышұлы көшесіне дейін;
- Алтынсарин даңғылы, Жандосов көшесінен Қабдолов көшесіне дейін;
- Төле би көшесі, Сайран көлінен Яссауи көшесіне дейін;
- Жандосов көшесі, Алматы өзенінен Саин көшесіне дейін;
- Момышұлы көшесі, Шаляпин көшесінен Төле би көшесіне дейін;
- Саин көшесі, Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейін.
Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін, 2023 жылдың соңында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастаймыз.
2) Сонымен қатар, тамыз айының соңында 2 қоғамдық кеңістікті абаттандыру үшін жобалау-сметалық құжаттаманың конкурстық іс-шараларын аяқтаймыз, атап айтқанда: Мамыр-1 шағын аудандағы жаяу жүргіншілер аймағы және Ақсай-4 шағын ауданындағы сквер.
3) Таугүл шағын ауданында қоғамдық кеңістіктің жоқ екенін ескере отырып, 2023 жылы көлік қозғалысын шектеу арқылы Шалов бульварын заманауи жаяу жүргіншілер аймағына айналдыруды бастаймыз. Жыл соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өтіп, жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталады.
4) Сайран көлі тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі болып қала береді. Сайран су қоймасының түбін механикалық тазалауға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, тазалау жұмыстарын жыл соңында бастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Сайран көлін қайта құруға және оған іргелес аумақты абаттандыруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Ол аяқталғаннан кейін 2023 жылдың 2 тоқсанында жөндеу жұмыстарына кірісеміз.
Құрметті Әуезов ауданының тұрғындары!
Бүгін сіздерге атқарылған жұмыстар туралы баяндап бердім.
Енді сұрақтарға көшейік.
Назарларыңызға рақмет!