Алматы қаласының Жетісу ауданында инклюзивті балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Ол «Бақытты отбасы» отбасын қолдау орталығының жанында, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында орналасқан.
Алаңның басты ерекшелігі – оның барлық балаға, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолжетімділігінде. Мұнда балалардың еркін ойнап, дене шынықтырып әрі қоғамға бейімделуіне жағдай жасалған. Бұл бастама тең әрі жайлы қалалық ортаны құру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Жаңа алаң «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бой көтерген. Алаңның басты нышаны – ұрпақтар сабақтастығын, отбасы құндылығын және бірлікті бейнелейтін «Бақытты отбасы» мүсіні.
Ашылу салтанатына келген балалар ата-аналарымен келіп, әткеншек теуіп, түрлі ойын құрылғыларында ойнады. Анимациялық кейіпкерлер бүлдіршіндермен бірге ойын ұйымдастырып, қонақтар балаларға тәттілер мен балмұздақтар таратты.
Жаңа жобаның аясында заманауи инклюзивті спорт және ойын кешендері орнатылып, қауіпсіздік үшін 200-ден астам жарық шамы мен 12 бейнебақылау камерасы қойылды.
Сондай-ақ 22 орындық пен шағын сәулеттік нысандар орналастырылған. Территория көгалдандырылып, жасыл желекті күтіп-баптау үшін скважинадан қуат алатын автоматты суару жүйесі іске қосылды.
Жаңа инклюзивті алаң – Алматының әрбір тұрғынына, әсіресе балаларға жасалған қамқорлықтың көрінісі. Бұл бастама қаладағы қолжетімді әрі тең мүмкіндіктер ортасын кеңейтіп, тұрғындардың күнделікті өмірін жандандыра түсетіні анық.