Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері

Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері

Жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен ақшалай нысанда белгіленеді және айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында көзделеді. Жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізіледі. Жалақы төлеу кезінде жұмыс беруші әрбір жұмыскерге тиісті кезең үшін оған тиесілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшерлері мен негіздері туралы, оның ішінде ұстап қалынған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электрондық нысанда ай сайын хабарлауға міндетті. Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек шартында белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. Жұмыс беруші жұмыскерге төлем кешіктірілген кезең үшін берешек пен өсімпұл төлейді. Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі және төлем жүргізілуге тиісті күннен кейінгі күннен бастап мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есептеледі және төлем жасалған күнмен аяқталады. Еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушіден жұмыскерге тиесілі сомаларды төлеу ол тоқтатылғаннан кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.Қызметкерге жалақы жұмыс берушіде қолданылып жүрген еңбекке ақы төлеу жүйелеріне сәйкес еңбек шартында белгіленеді. Еңбекке ақы төлеу жүйесі еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалады. Жұмыс беруші жұмыскерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстардың сапасын арттыруға мүдделілігін арттыруды күшейту үшін ұжымдық шарттың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалған сыйлықақы беру жүйесін және еңбекті ынталандырудың басқа да нысандарын енгізе алады. Еңбекке ақы төлеу жүйесі біржолғы ынталандырушы төлемдерді есепке алмағанда, жұмыскерлер жалақысының кемінде жетпіс бес проценті болатын негізгі жалақы үлесін қамтамасыз етуге тиіс. Келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде айқындалған еңбекке ақы төлеу талаптары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптармен салыстырғанда нашарлай алмайды.

Әркімнің еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда тең мүмкіндіктері бар. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайлар мен тәртіптен басқа, ешкімнің еңбек саласындағы құқықтарына шек қойылмайды. Еңбек құқықтарын іске асыру кезінде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына немесе дене кемістіктеріне, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа не мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы.

Жалақы төлеу мерзімдерін бұзғаны үшін жұмыс беруші әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес жауапты болады.

 

Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат Басқармасының
Еңбек қатынастарын бақылау бөлмінің бас маманы

Бекбатырова А. С.