Еңбек тәртібі

Еңбек тәртібі

    Жұмыс беруші қызметкерді кешіккені үшін жұмыстан шығара ала ма, тағы қандай бұзушылықтар үшін тәртіптік жазалау шаралары қолданылады?

- Қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тарту-бұл тәртіптік жауапкершілікке тартылуы жұмыс берушінің міндеті емес, құқығы болып табылады. Алайда, оған берілген құқықты пайдалана отырып, жұмыс беруші Еңбек кодексінде және ҚР өзге де заңдарында белгіленген нормаларды басшылыққа алуы тиіс.

- Еңбек тәртібі – жұмыс беруші мен жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде, сондай-ақ келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде, құрылтай құжаттарында белгіленген міндеттемелерді тиісінше орындауы;

Еңбек кодексінің бабына сәйкес тәртіптік жаза - тәртіптік жаза – тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қолданатын жұмыскерге тәртіптік ықпал ету шарасы.

-Тәртіптік теріс қылық – жұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзуы.

Тәртіптік жаза заңнама талаптарын, еңбек шарты бойынша міндеттемелерді, еңбек тәртіптемесі қағидаларын, лауазымдық нұсқаулықтарды, ережелерді, жұмыс берушінің бұйрықтарын бұзғаны, яғни қызметкердің еңбек міндеттерін орындаумен тікелей байланысты құқыққа қарсы әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін қолданылуы мүмкін.

Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыс беруші тәртіптік жазалардың келесі түрлерін қолдануға құқылы: ескерту; сөгіс; қатаң сөгіс; осы Кодекстің 52-бабында көзделген негіз бойынша жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу.

    Қандай жағдайларда жұмыс беруші еңбек шартын бұза алады?

Тәртіптік жаза шарасы ретінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға келесі жағдайларда жол беріледі (ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы):

-  жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған;

- жұмыскер жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, оның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайын туғызатын заттарды пайдаланған;

- алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық жағдайын туғызатын заттарды пайдалану фактісін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан;

- өндірістік жарақаттар мен аварияларды қоса алғанда, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы үшін ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін, еңбекті қорғау немесе өрт қауіпсіздігі не көліктегі қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын жұмыскер бұзған;

- заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен анықталған, жұмыскер жұмыс орнында бөтен мүлікті ұрлаған (оның ішінде ұсақ ұрлық), оны қасақана жойған немесе бүлдірген;

- ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін, сондай-ақ өзінің қызмет бабын өзі немесе басқа адамдар үшін материалдық немесе өзге де пайда алу үшін жұмыс берушінің мүдделеріне қарамастан өз мүддесінде немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын жұмыскер кінәлі әрекеттер жасаған немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса;

- тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасаған;

- жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткен;

- тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған;

- егер төлнұсқа құжаттар немесе мәліметтер еңбек шартын жасасудан немесе басқа жұмысқа ауысудан бас тартуға негіз болатын болса, еңбек шартын жасасу не басқа жұмысқа ауыстыру кезінде жұмыскер жұмыс берушіге көрінеу жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынған;

- жұмыс берушіге материалдық нұқсан келтіруге әкеп соққан, жұмыс берушінің атқарушы органының басшысы, оның орынбасары не жұмыс берушінің актісінде айқындалған жұмыс беруші филиалының, өкілдігінің және (немесе) өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесінің басшысы еңбек міндеттерін бұзған;

 

    Егер қызметкер сол уақытта ауруханада болса, басшы тәртіптік жаза туралы акт жасай ала ма?

-Жұмыс берушінің қызметкерге тәртіптік жаза қолдану туралы актісі қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздығы; қызметкерді мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау уақытында жұмыстан босату; қызметкердің демалыста немесе іссапарда болуы кезеңінде шығарылмайды.

 

Мемлекеттік еңбек инспекторы Д. Балғынұлы