Техникалық оңалту құралдарын пайдаланушылар мен жеткізушілердің назарына!

Техникалық оңалту құралдарын пайдаланушылар  мен жеткізушілердің назарына!

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды жүйелі негізде іске асыруда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты әрбір адамның нақты қажеттіліктері мен өмірлік жағдайларын ескере отырып, оңалту қызметтерінің сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыру болып табылады.

Ағымдағы жылдың сәуір айында мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылатын техникалық оңалту құралдарының (ОТҚ) құнын өтеудің кепілдік берілген сомасын айқындау әдістемесін жаңартуды көздейтін Министрліктің тиісті бұйрығына өзгерістер енгізілді.

Бұрын кепілдендірілген соманы комиссия өткен қаржы жылындағы тауарлардың орташа нарықтық құны туралы ақпараттың үш көзін: әлеуметтік қызметтер порталының деректерін, Мемлекеттік сатып алу мәліметтерін, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің коммерциялық ұсыныстарын талдау негізінде айқындады.

Жаңартылған Әдістемеге сәйкес кепілдендірілген соманы есептеу әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық дүкеннің деректерін пайдалана отырып жүзеге асырылатын болады.

Осыған байланысты қазіргі уақытта тауарлардың нақты нарықтық құны туралы электрондық сауда алаңдарының жиынтық деректерін алу үшін әлеуметтік қызметтер порталын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграциялау жүргізілуде.

Болашақта қолмен араласуды қолданбай цифрлық платформалардың объективті нарықтық деректері негізінде кепілдендірілген соманы автоматты түрде қалыптастыруға көшу жоспарлануда. Мұндай тәсіл ашықтықты, объективтілікті және ОТҚ құнын қалыптастырудың бірыңғай тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа тәсілдерді енгізудің күтілетін нәтижелері:

техникалық оңалту құралдарының құнын қалыптастыру процесін толық цифрландыру;

адам факторын азайту және субъективті көзқарасты жою;

әділ және негізделген баға белгілеуді қамтамасыз ету;

бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі мен ұтымдылығын арттыру.

Бұл ретте қабылданып жатқан шаралар қолдау көлемін қысқартуға емес, оңалтуға мұқтаж азаматтарды сапалы және заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында негізсіз шығыстарды жоюға бағытталғанын атап өту маңызды.

Шығындарды оңтайландыру нәтижесінде босатылған қаражат тиімділікті арттыруға және қалпына келтіру мерзімдерін қысқартуға ықпал ететін қазіргі заманғы жоғары технологиялық және қымбат оңалту құралдарын енгізуді қоса алғанда, жүйені одан әрі дамытуға бағытталатын болады.

Жаңа тәсілдерді іске асыру әлеуметтік қорғау саласын дамытудың Ұлттық ғылыми орталығы - халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заманауи шешімдерді әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу жөніндегі мамандандырылған алаң базасында жүзеге асырылатынын қосымша хабарлаймыз.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы ғылыми орталық арқылы оңалтудың техникалық құралдарын қайтарымды пайдаланудың пилоттық тетігі іске қосылады.

Бұл тетік тек қана қауіпсіз қайта пайдалануға мүмкіндік беретін ОТҚ түрлеріне қатысты қолданылатын болады және жаялықтарды, протездерді және өзге де ұқсас бұйымдарды қоса алғанда, жеке пайдалану құралдарына қолданылмайды.

Қайтару тетігін енгізу азаматтарды жөндеу, ауыстыру не уақытша қажеттілік кезеңінде, оның ішінде қажетті ОТҚ жеткізуді күту кезеңінде, ұзақ рәсімдерден өтпей-ақ техникалық оңалту құралдарымен жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тек қана ресми пайдалану мерзімдері негізінде емес, ОТҚ-ның нақты техникалық жай-күйі мен адамның жеке қажеттіліктері негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік беретін әлеуметтік-техникалық сараптама жүйесі енгізілуде.

Бұл қабылданатын шешімдердің дұрыстығын арттыруды және қызмет алушылардың мүдделерін қосымша қорғауды қамтамасыз етеді.

Тұтастай алғанда, ОТҚ-ны қайтарымды пайдалану тетігін енгізу:

техникалық оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыру және күту мерзімін қысқарту;

бюджет қаражатын неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;

ресурстарды пайдаланудың ұтымдылығын арттыру;

техникалық оңалту құралдарын пайдалану мерзімін ұзарту;

ОТҚ техникалық жай-күйі мен тиімділігінің мониторингі жүйесін қалыптастыру;

оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын арттыру.

Осылайша, жүргізіліп жатқан өзгерістер оңалту көмегінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, әлеуметтік қорғау жүйесінің әділдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік ресурстарды тиімді және ұтымды пайдалануға бағытталған.