Басқарма басшысының орынбасары Нұрбол Қажин қызмет көрсетуші өкілдері және жауапты қызметкерлермен бірге Жароков к., 281А мекенжайында тұратын тұрғынның бірқатар мәселелері бойынша жұмыс сапарын өткізді.
Өтініш беруші үйдің есепшотындағы қаражатты жұмсаудың ашықтығы жоқтығын ескерте отырып, басқару органының жұмысына шағымданды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қолданыстағы заңнаманы ескере отырып, басқару органының қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру үшін тұрғындар тексеру комиссиясын (ревизор) құра алатындығын еске түсіреміз.
Сондай-ақ, көппәтерлі тұрғын үйлердің ең жоғарғы басқару органы - бұл меншік иелерінің жиналысы екендігін де айта кеткен жөн. Ортақ меншікті сақтау ауыртпалығын пәтер иелері де көтереді.
Сонымен, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге ақша жинақтау үшін пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі өзіне тиесілі пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың пайдалы алаңының бір шаршы метріне есептегенде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштіктің кемінде 0,005 еселенген мөлшеріндегі ақшаны ай сайын жинақ шотына аударуға міндетті.
Жөндеу жұмыстарына қаражат болмаған жағдайда, тұрғындар қосымша қаражат жинауға бастамашылық етуге құқылы. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2020 - 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасына қатыса алатындығын атап өткен жөн. Бағдарлама аясында көппәтерлі тұрғын үйлердің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жұмыстары қайтарымдылық негізде жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталған Бағдарламаға қатысу үшін пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналысында жалпы саны үштен екісінен көбі келісім беруі қажет.
Жиналыста пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері оң шешім қабылдағаннан кейін, басқару органы барлық растайтын құжаттарын Гоголь к., 45 мекенжайында орналасқан «Алматы Тұрғын Үй» ЖШС-на, сонымен қатар, +7 (727) 390-22-09 телефоны арқылы жолдайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес тұрғындар пәтер иелері арасынан үй кеңесінің төрағасы мен мүшелерін таңдап, сол арқылы қолданыстағы басқару қызметін (МИК/КСК) ысырып, МИБ немесе ЖС құруға міндетті екендігідігін естеріңізге саламыз.