📍Саялы шағын ауданында ірі Даму және шығармашылық орталығының құрылысы аяқталды

📍Саялы шағын ауданында ірі Даму және шығармашылық орталығының құрылысы аяқталды

Алматының Алатау ауданындағы Саялы шағын ауданында балалар мен жастарға арналған жаңа Даму және шығармашылық орталығының құрылысы толық аяқталды.

Жалпы ауданы 10 мың шаршы метрден асатын үш қабатты заманауи кешен күніне 1350 баланы қабылдай алады.

Нысан құрылысы 2025 жылы басталған. Бүгінде барлық құрылыс жұмыстары толық аяқталып, инженерлік желілер қосылды және аумақ абаттандырылды. Орталық пайдалануға берілгеннен кейін 70 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жоба аясында балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына арналған заманауи әрі қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.

Орталықтың бірінші қабатында 253 орындық көрермендер залы, жүзу бассейні, бокс және жекпе-жек залдары, сондай-ақ психолог, логопед және дефектолог кабинеттері орналасқан.

Екінші қабат шығармашылық бағыттарға арналған. Мұнда музыка және дыбыс жазу студиялары, хореография залдары, бейнелеу өнері, мүсін және гончарлық шеберханалар, сондай-ақ 3D-модельдеу сыныптары жұмыс істейді.

Ал үшінші қабат технопарк форматында жабдықталған. Онда робототехника, электроника, авиа және судомодельдеу зертханалары, планетарий, агрокультура және аквапоника кабинеттері қарастырылған.