Алматыда алғашқы мамандандырылған Инклюзивті спорт орталығы бой көтеруде

Алматыда алғашқы мамандандырылған Инклюзивті спорт орталығы бой көтеруде

Алматы қаласы, Райымбек даңғылы, 312 мекенжайында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бірегей Инклюзивті спорт орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жоба параспортшыларды қолдауға, спорт инфрақұрылымын жақсартуға және инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған.

Қазіргі таңда нысанның дайындығы 60%-ға жетті. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстарын күз басында толық аяқтау көзделіп отыр. Жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден асатын кешенде заманауи бассейн, әмбебап спорт залдары және 21 спорт түрімен айналысуға арналған инфрақұрылым қарастырылған. Орталықта бочча, отырып ойнайтын волейбол, арбадағы би, жүзу және басқа да бейімделген спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізуге толық мүмкіндік болады.

Орталықтың басты ерекшелігі – «кедергісіз орта» қағидаты. Кіреберістер, лифттер, киім ауыстыратын бөлмелер мен барлық қосымша инфрақұрылым ерекше қажеттілігі бар жандардың жайлылығына сай жобаланған.