Алматыда бизнесті қорғау жөнінде дөңгелек үстел өткізілді

Алматыда бизнесті қорғау жөнінде дөңгелек үстел өткізілді

Алматы қаласының әкімдігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, кәсіпкерлермен бизнесті қорғау мәселелері жөнінде дөңгелек үстел өткізді.

Алматы қаласының «Алматының Бас жоспары» алаңында бизнесті қорғау мәселесі бойынша кәсіпкерлермен кездесу өтті. Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу қызметінің басшысы Саян Ахметжанов, мемлекеттік орган басшылары және қызметтің түрлі саласы бойынша бизнес өкілдері қатысты.

Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру үшін бірлескен күш-жігер қажет.

«Мемлекет Басшысы тапсырмасының шеңберінде, бүгінде заңға бағынушыны, бәсекелес бизнесті сыбайлас жемқорлық көріністерінен қорғау бойынша жан-жақты шаралар қабылдау қажет. Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық схемалары мен парақорлық негіздерін жою үшін қадам жасауы тиіс», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Өз кезегінде, Алдын алу қызметінің басшысы Саян Ахметжанов сыбайлас жемқорлықпен күрестің мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы болып табылатынын айтып өтті және қаланың бизнес-ахуалын жақсарту мақсатында одан әрі табысты ынтымақтастыққа деген үмітін білдірді.

Кездесу соңында кәсіпкерлердің түйткілді мәселелері талқыланды, мемлекеттік орган өкілдеріне әкімшілік кедергілерді жою және мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық жайттарына жол бермеу бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Кеңеске қатысушылар бизнес-қоғамдастықтың барлық айтылған идеялары мен ұсыныстарының ескерілетінін атап өтті.