Алматыда түрік инвесторлары желатин өндіретін зауыт салады

Алматыда түрік инвесторлары желатин өндіретін зауыт салады

Қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров Түркиядан келген инвестормен кездесті, ол - İskefe тобының орындаушы комитетінің мүшесі Серташ Ахмет Левент. Екі тарап Алматы индустриялық аймағында желатин өндіретін зауыт салуға қатысты бірқатар сұрақтарды талқылады.

Шетелдік компанияның жобасы Алматы қаласының Өңірлік үйлестіру кеңесінің 2021 жылғы 21 желтоқсандағы хаттамалық шешіміне сәйкес индустриялық аймақ қатысушыларының тізіміне енгізілген. Жобаны жүзеге асыру үшін 4,5 га жер учаскесі бөлінді. Инвестор болашақта 100-ден астам тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ете отырып, зауыт құрылысына шамамен 9,8 млрд. теңге салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 7 мың тоннадан астам «Халал» стандартты желатин шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Halavet KZ» ЖШС жобалық құжаттаманы Қазақстанның құрылыс нормалары мен стандарттарына бейімдеу рәсімін жүргізуде. Зауыт 2024 жылы ашылады деп жоспарланып отыр.

Желатин өндірісі үшін шикізат ретінде жергілікті ІҚМ терілері пайдаланылмақ, яғни ел аумағын қамту үлесі кемінде 60%-ды құрайды. Компания мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда тамақ, косметикалық және фармацевтикалық өнеркәсіп кәсіпорындары өз өнімдерін өндіру үшін желатинді тек шетелден алдыртады, сондықтан Алматыда зауытты ашу отандық өндірушілерге сапалы шикізаттың қолжетімді болуына мүмкіндік береді.

Анықтама:

«Halavet KZ» ЖШС 1957 жылы Түркияда құрылған Iskefe холдингінің құрамына кіреді және 7 тері зауытын, желатин, ақуыз, гидролизаттар, жануарларға арналған сұйық аминқышқылдарын өндіретін зауыттарды, ғылыми-зерттеу орталығы мен сынақ зертханаларын біріктіреді. Еуропа мен Азияның сауда нарығындағы сиыр желатиніне әлемдік қажеттіліктің 6%-ы  Iskefe Holding үлесіне тиесілі.