Алматы қаласына күн сайын 300-500 тонна қант жеткізілуде

Алматы қаласына күн сайын 300-500 тонна қант жеткізілуде

Бүгінде Алматы қаласына күн сайын 300-500 тонна қант жеткізілуде. Меркі, Талас және Көксу қант зауыттарының өнімдері тарату орталықтарына келіп, сол жерден ірі сауда желілеріне, В, С сыныпты базарлар мен дүкендерге жіберіледі. Алматы тұрғындарының қантқа деген қажеттілігі - 3,3 мың тонна. Ал логистикаға орай қоймаларға шамамен 5 мың тонна қант түседі.

Қазіргі уақытта Алматы тұрғындары арасында жидектер мен жемістерді қайнату маусымына байланысты қантқа деген сұраныс жоғары. Сұранысты қамтамасыз ету үшін Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы қант жеткізу көлемін ұлғайтты (бұрын 250 тонна/күн). Ірі сауда желілері үшін босатылатын құмшекердің көтерме бағасы кг үшін 420-430 теңгені құрайды, 445 теңгеден сатылады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ақсу қант зауыты іске қосылады деп күтілуде, соның арқасында Алматыға 10 мың тоннаға жуық қант жеткізу жоспарлануда. Бүгінде Алматы қаласының сауда объектілері мен өндірістік кәсіпорындарының қоймаларындағы қант қоры шамамен 11 мың тоннаны құрайды. Қалаға жеткізу уақтылы жүзеге асырылады, ҚТЖ вагондарын беру кідіріссіз жүргізілуде.