Алматыда бағаны көтеретін үй жанындағы дүкендерге мониторинг жүргізу басталады

Алматыда бағаны көтеретін үй жанындағы дүкендерге мониторинг  жүргізу басталады

Алматы әкімдігі үй жанындағы азық-түлік дүкендерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны негізсіз көтеруіне мониторинг жүргізе бастайды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының зардап шеккен бизнесті қалпына келтіру және қаланы одан әрі дамыту туралы тапсырмаларын орындау бойынша қала активіне тиісті мәлімдеме жасады.

«Өкінішке орай, үйдің жанындағы дүкендердің бағаны негізсіз көтеруі фактілері бар, бұл туралы ақпарат келіп түседі. Мұндай кезеңде алыпсатарлықпен айналысу өте орынсыз деп санаймын. Осыған байланысты, өзінің орынбасары М.С. Қиқымовқа, кәсіпкерлік басқармасына, аудан әкімдеріне 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау бойынша құқық бұзушыларды анықтап, олардың деректерін шаралар қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберуді тапсырамын. Жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты қатаң шаралар қабылдап, күн сайын осы мониторингті жүргізу қажет», - деп хабарлады Бақытжан Сағынтаев.

Қазіргі уақытта Алматы қаласында 3,5 мыңға жуық дүкен жұмыс істейді. Өткен аптадан бастап «Алматы» ӘКК» АҚ ӘМАТ-ты үй жанындағы дүкендерге тікелей жеткізу бойынша жұмысты бастады. Өндірушілерден тікелей 67 тонна өнім (нан, жұмыртқа, бакалея, күріш, қант және күнбағыс майын қоса алғанда) жеткізілді. Көтерме жеткізілімге тапсырыстар жедел желі телефоны бойынша қабылданады +7 707 787 95 35.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Алматы индустриялық аймағының аумағында өндірушілер мен бөлшек сауда арасындағы байланыстарды қысқарту үшін қажетті инфрақұрылым құруға мүмкіндік беретін тарату орталығының құрылысын жобалау жүргізілуде. Ағымдағы жылы ЖСҚ әзірлеуді аяқтау және тарату орталығының құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шеңберінде Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар Басқармасы сауда желілеріне «айналым» жеңілдікті қарыздарын бөлу бойынша жұмыс жүргізуде. Бөлінген қаражат есебінен «Магнум» желісінде ӘМАТ-тың барлық 19 атауы төмендетілген бағамен және «Тоймарт» желісінде 12 ӘМАТ (ұн, нан, рожки, күріш, тауық еті, айран, сүзбе, сары май, тұз, күнбағыс майы, картоп, пияз) сатылуда. Орташа алғанда, екі желіде көкөністердің (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) бағасы нарықтық бағадан 30-50%-ға төмен, ет өнімдері (сиыр еті, тауық еті, жұмыртқа) 10-15%-ға, азық-түлік 10-30%-ға төмен.

«Алматынан» ЖШС-мен нанның босату бағасын 85 тг/бөлке деңгейінде белгілеу, 1,8 мың тонна күнбағыс майын 585 тг/шөлмекке және 700 тонна қарақұмық жармасын 500 тг/кг («Стандарт Продактс» ЖШС) қаланың сауда желілеріне жеткізу бойынша меморандумдар жасалды.

7 азық-түлік базарында (Көк базар, «Ақбұлақ» (көтерме сауда), «Сары-Арқа», «Тастақ», «Таусамалы», «Алматы-1», «Түрксіб» жәрмеңкесі) көкөніс және бакалея өнімдері базар бағасынан 1,5-2 есе төмен бағамен сатылады. «Ет дүкендері» 5 базарда іске қосылды («Жұлдыз», «Орбита», «Таусамалы», «Арыстан» және «Тастақ»), онда сиыр еті 2050 тг/кг (нарықтық бағадан 20% төмен) сатылады. Павлодар (барлығы 6,5 мың тонна картоп пен сәбіз), Алматы (250 тонна қырыққабат) және Жамбыл облыстарынан (1,5 мың тонна пияз) көкөністерді тікелей жеткізу ұйымдастырылды.