Алматыда кез келген қызметті төлеуге мүмкіндік беретін көлік картасы әзірленді

Алматыда кез келген қызметті төлеуге мүмкіндік беретін көлік картасы әзірленді

Алматылық компания қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесін автоматтандыру үшін бағдарлама әзірледі, оның ішінде тасымалдаушы порталы және жолаушыларға арналған мобильді қосымша бар. Бағдарлама "Оңай" жүйесіне қарағанда электрондық ақшаның вертуалды платформасын пайдаланады. Ноу-хау интернет қолжетімсіз жағдайда да төлемдер мен аударымдар жүргізуге мүмкіндік береді.

"Біз әзірлеген өнім Avtobys деп аталады. Біздің бағдарлама әлемде алғаш рет жасалып отыр (кем дегенде Google-де мен бұл туралы ақпарат таппадым), мобильді қосымшаның көмегімен көлік картасына төлеген кезде процессинг электрондық әмияндар арқылы жүзеге асады. Интернет сим-карта арқылы қамтамасыз етіледі. Егер теңгерім болмаса, Bluetooth арқылы (жеке Bluetooth протоколы бар) немесе QR коды арқылы төлем жасауға болады. Барлық зияткерлік меншік қорғалған, біз бірде - бір лицензияны араластырған жоқпыз", - дейді "Innoforce group" ЖШС директоры Ханат Нұрекенов.

Бүгінде аталған төлем жүйесі Қазақстанның алты қаласында – Атырау, Семей, Ақтөбе, Павлодар, Екібастұз және Орал қалаларында жұмыс істейді. Мысалы, Ақтөбеде жүйемен 177 автобус қамтылды, телефондағы теңгерімнің көмегімен жол жүру үшін жолаушылардың 94% жол ақысын төледі, барлығы 87 мыңнан астам транзакция жүргізілді. Сондай-ақ, картамен төлеу мүмкіндігі бар, оның құны - 450 теңге. Картаны негізінен онлайн төлем жасай алмайтын қарт адамдар сатып алады.

"Талдау нәтижесі біздің жүйеміз енгізілгеннен кейін осы қалаларда жолаушылар ағыны артқанын көрсетті. Егер жолаушылар бұрын жолақысын 100% жағдайда қолма - қол ақшамен төлесе, қазір 90% - электронды тәсілмен төлейді. Бұл тек 3 айдың нәтижесі. Сондай-ақ, әлем бойынша алғаш рет көліктегі қорғалған планшетті қолдандық. Планшеттер ылғал мен суыққа төзімді әрі бұзуға келмейтіндей етіп жасалған.  Олардың корпусын Қытайға тапсырыс беріп, жасаттық", - дейді Ханат Нұрекенов.

Х. Нұрекеновтың айтуынша, азаматтар электрондық картамен кез-келген жерде оңай төлем жүргізе алады. Innopay электронды ақша жүйесінің Avtobys картасын Семей қаласының оқушылары тек жол ақысын төлеп қана қоймай, тамақ алған кезде де пайдаланды. Пилоттық жобаға барлығы 50 мектеп қатысты. Қазіргі уақытта Innopay пайдаланушыларының саны 1 000 000-нан асқанын айта кетейік. Платформа жергілікті және халықаралық қызмет түрлеріне 2000-нан астам  транзакция жүргізуге мүмкіндік береді.

"Біздің жүйе кез-келген андроидті POS терминалына айналдырады. Мектептермен жұмыс істеген кезде, бағдарламаға халықтың әлеуметтік осал топтарын, АӘК алатын оқушыларды да қамтуға тырыстық. Осылайша, жергілікті атқарушы орган есептерді көтеріп, төлемнің өткенін және мемлекеттік қаржы мақсатты түрде жұмсалғанын көре алды", - деді Ханат Нұрекенов.

"Алатау" АТП АЭА-ның қатысушысы - "Innoforce group" компаниясы нарықта 2009 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазір оның штатында 50-ден астам қызметкер бар. Портфельде Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Украина, Тәжікстан елдерін қамтыған 40-тан астам жоба бар. Ең маңыздыларының бірі - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Кеден қызметі (Азия Даму Банкінің қолдауымен) үшін автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді әзірлеу және оны енгізу.