
Бүгінде 2026 жылдың бес айының қорытындысы бойынша Алматы қаласының өнеркәсіп өндірісінің көлемі 931,3 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 27,8%-ға жетті.
Өсімнің негізгі драйвері өңдеу өнеркәсібі болып отыр. Саладағы өндіріс көлемі 743,2 млрд теңгеге жетіп, 32,1%-ға артты. Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібінің үлесіне қаладағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің шамамен 80%-ы тиесілі.
Алматыда азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру салалары қарқынды дамуда. Қазіргі уақытта мегаполисте 130-дан астам ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді.
Қала экономикасының дамуына Алматы индустриялық аймағы елеулі үлес қосып келеді. Оның жалпы аумағы 695 гектарды құрайды. Аймақ аумағында 151 компания жобаларын жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде 21,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуда.
Шағын және орта бизнестің дамуына индустриялық парктер де қосымша серпін беруде. Бүгінде Алматыда жалпы аумағы 95 мың шаршы метрді құрайтын 23 шағын өнеркәсіптік парк жұмыс істейді. Бұл алаңдарда қазірдің өзінде 2400-ге жуық жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар Алматы еліміздегі жетекші IT-орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Аумағы 163 гектарды құрайтын «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары қатарында 178 компания бар.
Олардың ішінде:
* 108 компания (НИТ, alabs.team, PayBox, «Личная Касса» және т.б.) бағдарламалық қамтамасыз ету саласында «экстерриториялық» қағидат бойынша қызмет атқарады;
* 70 компания (Kaspi Cloud, Freedom Data Centers, Eltex Alatau, Nero Lab, Xfinity Solutions, Kaztechinnovations, «Алтын Групп» және т.б.) АЭА аумағында орналасқан.
Қазіргі таңда «ИТП» АЭА аумағында 1000-ға жуық жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 24 жоба жүзеге асырылуда.
Өнеркәсіптің, өндірістік инфрақұрылымның және инновациялық сектордың дамуы Алматыға экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтап, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.