Алматыда «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнеске қолдау жалғасуда

Алматыда «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында шағын және орта бизнеске қолдау жалғасуда

Шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру мақсатында Алматы қаласында «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың Бірыңғай бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігі кәсіпкерлердің банктерге төлейтін сыйақы шығындарын ішінара өтеуге мүмкіндік береді. Жобаларды қарау және мақұлдау жұмыстарын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жүзеге асырады.

Бағдарламаға азық-түлік өндірісі, тоқыма және киім өндірісі, фармацевтика, жиһаз жасау, химия өнеркәсібі, электр жабдықтары мен басқа да өңдеу өнеркәсібі салаларында өз жобаларын іске асыратын кәсіпкерлер қатыса алады.

Субсидиялауға жататын кредит сомасы 200 млн теңгеге дейінгі мөлшерді құрайды. Мемлекеттік қолдау көлемі номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 40%-ын жабады, ал қалған бөлігін кәсіпкер төлейді. Кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме жылдық кемінде 12,6%-ды құрайды. Субсидиялау мерзімі - 3 жылға дейін.

Бағдарламаны іске асыру кәсіпкерлікті дамытуға, өндірістік секторды қолдауға және қаладағы экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған.