Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес «Бақылау-қадағалау органдарының есеп беруінің Бірыңғай күні» 2019 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.
Кездесудің мақсаты – бизнес қауымдастығымен кері байланыс орнату, заңнамадағы жаңалықтар, жиі анықталатын бұзушылықтар және олардың алдын алу жөніндегі ұсыныстар туралы ақпарат беру екенін іс-шара модераторы – Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Шыңғысхан Маманов атап өтті.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматыда жеке кәсіпкерлікті дамыту және жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл саясат адал бәсекелестік, қабылданатын шешімдердің ашықтығы, мемлекеттік саясаттың болжамдылығы, бизнестің салықтық адалдығы, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі сияқты негізгі қағидаттарға негізделген.
Бизнес алдында есеп беру күнін өткізу біздің қаламыз үшін ерекше маңызды, өйткені Алматыны кәсіпкерлер қаласы деп атауға толық негіз бар, – деді құттықтау сөзінде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Алишер Сатыбалдиев.
Соңғы бірнеше жыл бойы Алматы ел экономикасындағы ШОБ үлесі бойынша көш бастап келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 62,7% болды.
Қалада бүгінде 392,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда 964,3 мың алматылық еңбек етуде.
Бұл нәтижелерге қол жеткізуге қабылданып жатқан қолдау шаралары айтарлықтай ықпал етті. Негізгі жұмыс мемлекеттік қаржылық және қаржылық емес қолдаудың ұлттық және өңірлік шаралары аясында жүргізілуде.
Кәсіпкерлікті қолдаудың Ұлттық бірыңғай кешенді бағдарламасы мынадай тетіктер арқылы жүзеге асырылады:
- несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау (кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлемені 12,3%-ға дейін төмендету);
- несиелерді ішінара кепілдендіру (кепіл көлемі несие сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды);
- мемлекеттік гранттар беру – 5 млн теңгеге дейін (ССП тізіліміне енгізілген субъектілерге және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистеріне конкурс негізінде).
Өңір деңгейінде бизнеске қолдау шаралары ретінде экономикасының басым секторларында ШОБ-ты жеңілдетілген несиелеу (мөлшерлеме 12,6%-ға дейін), Алматы индустриялық аймағы мен арнайы экономикалық аймақ аумағында дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін бөлу, шағын өнеркәсіптік парктерде жеңілдетілген жалдау ақысы бойынша үй-жай беру сияқты мүмкіндіктер ұсынылады.
Өз кезегінде мемлекет бизнестен адал кәсіпкерлік қызметті және заң талаптарын қатаң сақтауды күтеді.
Қала бизнесінің алдында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті, Әділет департаменті, ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясы, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің департаменті, Қала құрылысы бақылау басқармасы, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті есеп берді.