Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу шеңберінде сөз сөйлегендер:
- Алматы қаласы Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің өкілі – Камалов Бахтияр Камалович;
- Алматы қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі – Ахетов Мамай Қаниевич.
Кездесуге басқарма мен оған қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Олар: «Almaty» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, «Almaty Finance» ЖШС, «Almaty» МҚҰ» ЖШС, «Алматы индустриялық аймағы» ЖШС, Алматы қаласы әкімдігінің «Капиталдық құрылыс кәсіпорны» ЖШС, «Almaty Creative» креативтік индустрияларды дамыту орталығы» ЖШС, «Almaty Business Development Company» ЖШС, «Қалалық ветеринариялық қызмет» ШЖҚ КМК, «Алатау технопаркі» ЖШС.
Камалов Бахтияр Камалович «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзекті мәселелері. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік құбылыс ретінде: тарихи ретроспектива» тақырыбында дәріс оқыды.
Дәріс қазіргі Қазақстандағы ең өзекті мәселелердің бірі — сыбайлас жемқорлықпен күреске арналды. Бұқаралық ақпарат құралдарын бақылау және Мемлекет басшысының соңғы шешімдерін, атап айтқанда кейбір мемлекеттік органдардың қайта ұйымдастырылуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл функцияларын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру туралы шешімін талдау қаралып отырған мәселенің ерекше өзектілігін растайды.
Іс-шараның мақсаты — сыбайлас жемқорлықты күрделі әрі көпқырлы қоғамдық құбылыс ретінде тереңірек түсіндіру. Бұл мәселені еңсеру үшін кешенді, жүйелі тәсіл мен мемлекет, қоғам, ғылыми қауымдастық және практиктердің күш-жігерін біріктіру қажет.
Transparency International халықаралық ұйымының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан 180 елдің ішінде 88-орынға ие болып, 40 балл жинаған. Бұл деректер республикада сыбайлас жемқорлық деңгейінің әлі де жоғары екенін көрсетеді. Қабылданып жатқан шаралар мен жүзеге асырылып жатқан реформаларға қарамастан, бұл мәселе әлі де маңызды және үнемі назарда болуды талап етеді.
Өз сөзінің соңында Камалов Бахтияр Камалович қоғамда сыбайлас жемқорлық пен бюрократияға мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыруда әрбір азаматтың, қоғамдық өкілдердің, бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Алматы қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Ахетов М.К. өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын сақтауына қатысты түсініктеме берді. Атап айтқанда, адалдық, шыншылдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық қағидаттарын сақтау қажеттілігі айтылды.
Қызметтік этика стандарттары да жоғарылағаны атап өтілді. Бұл азаматтардың мемлекеттік қызметшілерге деген сенім деңгейін арттыруға, сондай-ақ әріптестер арасындағы еңбек қатынастарын нығайтуға бағытталған.
Талқылаудың басты бағыттары: өз қызметінде ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу; мемлекеттік қызметшінің Әдеп нормаларын сақтау болды.
Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызмет институттарына деген сенімді нығайту жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, алған білімдерін кәсіби қызметтерінде қолдануға дайын екендіктерін білдірді.