Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

 

5 қыркүйек – ұлт ұстазы, ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Алматы қаласындағы А. Байтұрсынұлы музей-үйінде «Бір мақсат, бір мүдде: Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ зиялылары» атты дөңгелек үстел өтті.

Тағылымды шара Ахмет Байтұрсынұлы саябағында орналасқан ұлт ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қатысушылар Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, қазақ ғылымы мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның рухына тағзым етті.

Дөңгелек үстелге Ішкі саясат басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі, ғылыми және шығармашылық мұрасы, сондай-ақ қазақ зиялыларымен үндескен ұлттық идеясы кеңінен сөз болды. Қатысушылар ұлт ұстазының ел тарихындағы орнына тоқталып, оның ағартушылық жолы мен ұлттық тіл, білім және мәдениет саласына сіңірген еңбегінің маңызын атап өтті.

Шараның негізгі мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі өмір жолы мен ғылыми-рухани мұрасын насихаттау, қазақ зиялыларының ұлттық мүдде жолындағы қызметін кеңінен дәріптеу және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру.

Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде ұйымдастырылған бұл тағылымды шара ұлт ұстазының елдік мұрасын ұлықтап, оның идеяларының бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін айқындай түсті.