Ұлт ұстазын ұлықтау

Ұлт ұстазын ұлықтау

 

2026 жылғы 4 қыркүйекте Алматы қаласында ағартушы, тілтанушы, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай дәстүрлі «Ұлт ұстазын ұлықтау» атты дөңгелек үстел өтті.

Тағылымды жиынға қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман, ғалым Анар Мұратқызы Фазылжанова, Нұрша Алжанбайқызы Оразахынова, Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы, Ермекова Тыныштық Нұрдәулетқызы, Абитжанова Жанар Алтынбекқызы, Көкенова Закира Қонысбекқызы, Анар Салқынбай және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер Байғали Мақұлбекұлы Есенәлиев қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық ғылым мен білім, тіл білімі, әдебиет және қоғамдық ойдың қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен сөз болды. Қатысушылар ұлт ұстазының ғылыми-шығармашылық мұрасы мен рухани құндылықтары жөнінде ғылыми пікірлерін ортаға салды.

Жиын аясында жаңа ғылыми еңбектің тұсаукесері өтіп, музей қорын толықтыру рәсімі ұйымдастырылды. Бұл шаралар Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын айқындай түсті.

Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұлт ұстазының рухына тағзым ету мақсатында ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға қатысушылар Алаш ардақтысының ел тарихындағы айрықша орнына құрмет білдіріп, оның ұлттық руханият пен ағартушылық жолындағы еңбегін ұлықтады.

Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен өнегелі жолы – елдік пен білімге, ғылым мен ұлттық санаға қызмет етудің жарқын үлгісі. Ұлт ұстазының тағылымды мұрасы ұрпақ санасында мәңгі жасай бермек.