№ 4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды

№ 4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды

Қаланың негізгі медициналық мекемелерінің бірін жаңарту Алматы қаласының 400 мыңнан астам тұрғыны үшін, ал жекелеген бағыттар бойынша бүкіл мегаполис халқы үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жүйелі түрде арттыруға бағытталған.

№4 қалалық клиникалық аурухана — тәулік бойы жұмыс істейтін көпбейінді стационар. Мұнда жыл сайын 12,5 мыңға дейін операция жасалады, ал қабылдау бөлімшесі тәулігіне орта есеппен 250–300 науқасқа қызмет көрсетеді. Ауруханада 1 100-ден астам қызметкер, оның ішінде 260 дәрігер еңбек етеді. Жобалық қуаттылығы — 385 төсек-орын.

Қайта жаңғырту аясында шамамен 7 мың шаршы метр аумақ жаңартылып, 5 бөлімше мен ғимараттың 4 блогы қамтылды. Негізгі назар қабылдау бөлімшесін жаңғыртуға, науқастарды сұрыптаудың халықаралық triage жүйесін енгізуге, операциялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және жоғары технологиялы медициналық көмекті дамытуға аударылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде:

  • қабылдау бөлімшесінің өткізу қабілеті айтарлықтай артты;
  • ангиографпен жабдықталған тері арқылы коронарлық араласулар орталығы ашылды;
  • заманауи операциялық залдар құрылды;
  • жедел реанимация бөлімі ұйымдастырылды;
  • травматология және ортопедия бойынша өңірлік орталық қалыптастырылды;
  • эндопротездеу саласында роботтандырылған технологиялар енгізілді.

Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары емдеу процесін тоқтатпай жүргізіліп, пациенттер мен медициналық персоналдың толық қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.