Түрксіб ауданы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды жалғастырып жатыр. Тек 2024-2026 жылдар аралығында білім беру, денсаулық сақтау мен мәдениет саласында 25-ке жуық үлкен жобаны жүзеге асырмақ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Бақытжан Ақжаров осылай деп мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, мектептегі орын тапшылығын азайту үшін 2024 жылы №59 мектеп-гимназиясын 300 орынға кеңейту мен №83 мектеп-гимназиясының бөлімшесін жаңарту жұмысы аяқталып, жыл басында №195 мектепке 450 орындық қосымша ғимарат салынған. Сонымен қатар, «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында 6100 орындық төрт жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Алматы телекоммуникациялар және машина жасау колледжінің жаңа ғимараты салынып, ескісі бұзылады (құрылыс жұмысы 2026 жылдың қаңтарында аяқталады). №50 мектепті сейсмикалық жағынан күшейту мен күрделі жөндеу жұмысы биылғы желтоқсанға дейін аяқталса, №59 мектеп-гимназиясының бөлімшесін жаңартуды биылғы тамызға дейін бітірмек.