Алматыдан Гуанчжоуға жаңа тікелей рейс ашылды

Алматыдан Гуанчжоуға жаңа тікелей рейс ашылды

Биылғы жылдың 31 наурызында Алматы–Гуанчжоу бағытындағы жаңа тікелей рейстің ашылуына орай Алматы қаласы Туризм басқармасы, ҚР ҰҚК ШҚ «Алматы» шекаралық бақылау басқармасы және Жетісу кеден бекеті бірлесіп «Тәтті кәдесый» акциясын ұйымдастырды.

Алматы халықаралық әуежайында алғашқы рейстің жолаушыларын Алматы мен Гуанчжоу қалаларының символикасымен безендірілген печеньемен қарсы алды. Акция аясында 150-ден астам жолаушыға сыйлық табыс етілді.

Бірінші рейс жолаушыларының бірі, Гуанчжоу қаласының тұрғыны Ли ханым өзінің әсерімен бөлісті:

«Мұндай жылы қарсы алуға өте қуандым. Ұшақтан түскен бойда сыйлық алу – өте жағымды екен. Алматыға бірінші рет келуім, бірақ алғашқы минуттардан бастап қонақжайлықты сезініп тұрмын. Қаланы және оның көрікті жерлерін аралауға асықпын».

Қытай Алматы туризмінің басты мақсатты нарықтарының бірі болып табылады. 2024 жылы ҚХР-дан келген туристер келушілер саны бойынша үшінші орынға ие болып, 99 мыңнан астам адамды құрады. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 15%-ға артады деп күтілуде. Алматы Қазақстандағы ең ірі туристік және іскерлік орталық қана емес, сонымен қатар Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды қала болып табылады.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы Пекин, Урумчи, Сиань, Ханчжоу және Саньямен тікелей рейстер арқылы байланысып, айына 151 рейс орындалуда. Гуанчжоуға ашылған жаңа рейс Алматының қолжетімділігін арттырып, қытайлық саяхатшыларға арналған бағыттар қатарын толықтыра түсті.