Алматы SITF 2026 халықаралық туристік көрмесінде жоғары марапатқа ие болды

Алматы SITF 2026 халықаралық туристік көрмесінде жоғары марапатқа ие болды

4–7 маусым аралығында Корея Республикасының Сеул қаласында өткен SITF 2026 халықаралық туристік көрмесінде Алматы қаласының экспозициясы келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрмеге әлемнің 40 елінен 423 ұйым қатысып, 518 стенд ұсынылды.

Алматы стендінде қаланың туристік әлеуеті табиғаты, мәдениеті мен ұлттық гастрономиясы арқылы таныстырылды. Ұлттық киімдер, өнерпаздардың өнер көрсетуі және қазақтың дәстүрлі тағамдарынан ұйымдастырылған дәм тату рәсімі де көпшіліктің ықыласына бөленді.

Көрме қорытындысында Алматы «The Best Booth Content Award» сыйлығын иеленіп, стендтің мазмұны мен таныстырылымы жоғары бағаланды.

«Алматының стенді жоғары деңгейде әзірленіп, көрменің ең көп қызығушылық тудырған әрі ең белсенді алаңдарының біріне айналды», – деді SITF 2026 ұйымдастыру комитетінің өкілі Ли Сон Хо.

Оңтүстік Корея – Алматы үшін қарқынды дамып келе жатқан туристік нарықтардың бірі. 2025 жылы қалаға бұл елден 23 мыңнан астам турист келген. SITF 2026 көрмесіне қатысу Алматының халықаралық деңгейдегі танымалдылығын одан әрі арттырды.