
8 маусым күні Алматы қаласында ҚХР-дың Сиань қаласының туристік әлеуетіне арналған «Мыңжылдық көне астана – Чанъаньға қош келдіңіз» атты таныстырылым өтті. Оған Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының, туризм саласы мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Сиань қаласының туристік бағыттары, бай мәдени мұрасы және туризмді дамыту мүмкіндіктері таныстырылып, екі қала арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Бағдарлама аясында мәдени қойылымдар көрсетіліп, екі елдің туристік индустриясы өкілдерінің B2B кездесулері ұйымдастырылды.
Сондай-ақ «Қытай – Орталық Азия» халықаралық мәдени-туристік пойызы бойынша тұрақты ынтымақтастық туралы келісімге Сиань қаласының мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Чжао Фэн мен Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова қол қойды.
Аталған кездесу Алматы мен Сиань арасындағы туристік және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтып, Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік алмасудың артуына серпін береді.