
7 маусым күні Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Абай алаңында халықаралық The Spirit of Tengri фестивалі өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Орталық Азиядағы ірі мәдени шаралардың біріне 50 мыңға жуық адам қатысты.
Фестиваль аясында концерттік бағдарлама, Ethno Market жәрмеңкесі, арт-кеңістіктер мен демалыс аймақтары ұйымдастырылды. Биыл алғаш рет Open Call іріктеуінің жеңімпаздары – JU BAND, DUANA және NY-ZA топтары басты сахнада өнер көрсетті.
Кештің басты оқиғаларының бірі – Enigma жобасының вокалисі Эндрю Дональдстың концерті болды. Оның өнер көрсетуі музыкалық бағдарламаның жарқын қорытындысына айналды.
40-тан астам қолөнерші қатысқан Ethno Market келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Фестиваль креативті индустриялар мен ұлттық мәдениетті насихаттап, Алматының Орталық Азияның мәдени орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға және оқиғалы туризмді дамытуға үлес қосуда.