Алматы таңдайды: «Қазақстанның үздік тауары»

Алматы таңдайды: «Қазақстанның үздік тауары»

2026 жылы 27 маусымда сағат 09:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының алдындағы алаңда (Шевченко көшесі, 28) «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесі өтеді. Іс-шараны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР ҰКП «Атамекеннің» Алматы қаласы бойынша филиалы ұйымдастырады.

Байқау отандық өндірушілерді қолдауға, қазақстандық өнімдердің сапасын арттыруға және ішкі нарықта бәсекеге қабілетті тауарларды ілгерілетуге бағытталған маңызды алаңдардың бірі. Оның негізгі мақсаты – кәсіпорындарды заманауи сапа стандарттарын енгізуге ынталандыру және бизнес пен қоғам арасында сапа мәдениетін дамытуға ықпал ету.

Биылғы көрмеге 60-тан астам отандық өндіруші қатысып, өнімдердің түр-түрін ұсынады. Келушілер үшін өнімдердің дәмін тату шаралары, таныстырылымдар, қазақстандық брендтердің жәрмеңкесі, сондай-ақ жергілікті өндірушілердің жаңа тауарларының көрмесі ұйымдастырылады.

Байқауға Қазақстан Республикасының аумағында өндірістік, азық-түлік және өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдер шығаратын, өз өнімдерінің тұрақты сапасын дәлелдей алатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатыса алады.

Байқау үш аталым бойынша өткізіледі:

* «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
* «Халық тұтынатын үздік тауарлар»;
* «Үздік азық-түлік тауарлары».

Әр аталым бойынша үш жеңімпаз анықталады. Өңірлік кезеңнің үздік кәсіпорындары республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде Алматы қаласының намысын қорғайды.

Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша тоғыз кәсіпорын байқау дипломанты атағына ие болып, арнайы дипломмен және «Қазақстанның үздік тауары» ресми эмблемасымен марапатталады. Сонымен қатар, олар төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

Байқауға қатысуға ниетті Алматы қаласының кәсіпкерлері өтінімі мен сұрақтарын otp.atameken@gmail.com электрондық поштасына жолдай алады.

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын көрмеге келіп, отандық өндірушілерді қолдауға шақырамыз. Бірге ең үздігін таңдайық!