
Алматы қаласының Туризм басқармасы Гонконг – Алматы бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат қол жеткізілген келісімдерді институционалдық деңгейде бекітуге және тұрақты әуе рейсін ашу жобасын одан әрі ілгерілетуге бағытталған. Бұл бастама халықаралық байланыстарды нығайтып, Азиядағы жетекші қаржы және туристік орталықтардың көлік қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Меморандумға Cathay Pacific әуе компаниясы, Алматы халықаралық әуежайы және Алматы қаласының әкімдігі салалық мемлекеттік органдардың қолдауымен қол қойды. Cathay Pacific әуе компаниясының мәліметінше, Алматыға аптасына үш рет Airbus A330-300 кең фюзеляжды ұшақтарымен рейстер орындау жоспарланып отыр.
Гонконг – Алматы бағытының ашылуы туризм, іскерлік байланыстар және халықаралық транзит салаларындағы Алматының өңірлік хаб ретіндегі рөлін күшейтеді. Сонымен қатар, екі мегаполис арасындағы қатынасты жеңілдетіп, туристік ағынның артуына және инвестициялық ынтымақтастықтың кеңеюіне ықпал етеді.