
Қытайда туып-өскен, жуырда тарихи Отанына қоныс аударған велосаяхатшы Бүрлен Әділет Қазақстан бойынша ұзақ сапарын жалғастырып, Алматыға жетті.
Оның веложорығы 20 сәуірде Ақтау қаласынан басталған. Осы уақыт ішінде ол Батыс және Оңтүстік Қазақстан өңірлерін аралап, шамамен 3800 шақырым жол жүріп өтті. Бүрлен Алматыға бұған дейін де келгенін айтып, қаланың табиғаты мен тұрғындарының қонақжайлығына ерекше тоқталды.
Саяхат барысында оған Орал есімді марғау серік болған. Мысыққа бұл атау Орал қаласының құрметіне берілген, сондай-ақ ол «үйге жол» мен тарихи тамырға оралудың символдық мәнін де білдіреді.
Алматыда Бүрлен Әділетке Шымбұлақ, Көк-Төбе және қаланың бірқатар туристік нысандары таныстырылды.
«Мен Қазақстанның сұлулығын әлемге көбірек танытқым келеді», - дейді ол.