Алматы тауларында жаңа эко-бастама: қоқыс жинап – тегін кофе ал

Алматы тауларында жаңа эко-бастама: қоқыс жинап – тегін кофе ал

Алматыда табиғат аясында демалысты пайдалы іспен ұштастыруға жаңа мүмкіндік пайда болды. Бұтақты шатқалы, сарқырамаға апарар жол бойында жаңадан ашылған «Бұтақты» визит-орталығында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған экологиялық бастама іске қосылды.

Енді Іле-Алатауы ұлттық паркінің бағыттарымен серуендеу тек әсер сыйлап қана қоймай, шағын сыйлыққа да ұласады. Келушілер таудағы қоқысты жинап, визит-орталыққа өткізе алады. Оның орнына оларға тегін сусын – кофе немесе шай ұсынылады.

Аталған бастама «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүзеге асырылуда. Жоба табиғатты таза ұстауға шақырып қана қоймай, әрбір адамның жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар атап өткендей, тауда демалу мәдениеті – ең алдымен қоршаған ортаға ұқыпты қараудан басталады.

Еске салайық, бұған дейін Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағында, туристер жиі баратын бағыттардың бірінде жаңа «Бұтақты» визит-орталығы ашылған болатын. Енді сарқырамаға бет алған кез келген адам осы экобастамаға қатыса алады.