
Бұтақты шатқалында «Бұтақты» визит-орталығының салтанатты ашылуы өтті. Жоба «Туранга Групп» ЖШС тарапынан Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесіп, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Нысан ұлттық парктің 30 жылдығына орай пайдалануға беріліп, туристік инфрақұрылымды дамытуға, қызмет сапасын арттыруға және келушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Визит-орталық аумағында заманауи санитарлық-гигиеналық тораптар, тамақтану орны, тимбилдинг пен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған алаңдар, сондай-ақ мектеп оқушылары мен түрлі топтарға арналған ашық аспан астындағы білім беру және мәдени іс-шаралар өтетін орындар қарастырылған. Сонымен қатар, орталықта ұлттық паркке арналған жаңа кәдесый өнімдері мен фирмалық бұйымдар ұсынылып, аумақта жаңартылған навигация мен безендіру элементтері орнатылған. Бұл келушілер үшін қолайлы орта қалыптастыруға және табиғи аумаққа қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа «Бұтақты» визит-орталығы экологиялық ағарту, мәдени және білім беру іс-шараларын өткізуге арналған заманауи алаңға айналады. Мұнда эко-белсенділіктер, шеберлік сабақтары мен тимбилдингтер ұйымдастырылып, тұрақты туризмді дамытуға және Алматы тұрғындары мен қонақтары арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Алматы қаласы Туризм басқармасы үшін экотуризмді дамыту басым бағыттардың бірі болып қала береді. Осыған байланысты келушілер табиғатты аялауға және ұлттық парк аумағында тазалықты сақтауға шақырылады.