
Алматыға Instagram желісінде 2,8 млн-нан астам жазылушысы бар танымал қытайлық блогер Tao Tao (taotaoaima) келді. Іс-шара 16–17 наурыз күндері Almaty Tourism Bureau қолдауымен ұйымдастырылды.
Блогер қаладағы туристік мүмкіндіктермен және ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерімен танысты. Бағдарлама аясында Qazaq Riders этнокешеніне, сондай-ақ қаланың гастрономиялық келбетін көрсететін Yurta және Pekin Duck мейрамханаларына барды.
Qazaq Riders аумағында блогердің қатысуымен қазақтың ұлттық киіміндегі және ат мәдениетін дәріптейтін бейнематериалдар түсірілді. Сонымен қатар этномәдени бағдарлама аясында атқа міну секілді дәстүрлі тәжірибелер ұсынылды.
Tao Tao әлеуметтік желілерде белсенді түрде контент жариялап, Алматының ерекше атмосферасын, табиғатын және мәдени әралуандығын көрсетті. Жылқы, этномәдениет және lifestyle бағытында контент жасайтын блогердің жарияланымдары әдетте миллиондаған қаралым жинайды.
Алматы Қытай туристері үшін тартымды бағыттардың біріне айналып келеді. Мұндай бастамалар қалаға деген қызығушылықты арттырып, оны қытай нарығында кеңінен танытуға ықпал етеді. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Алматыға Қытайдан келген туристер саны 102,1 мың адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,2 %-ға өсті.