Алматыда негізгі туристік нысандардың тактильді модельдері орнатылды

Алматыда негізгі туристік нысандардың тактильді модельдері орнатылды

Алматы қаласында инклюзивті туризмді дамыту мақсатында бес тактильді модель орнатылды. Олар көру қабілеті нашар және мүмкіндігі шектеулі жандарға қаланың бірқатар мәдени және тарихи нысандарымен қолмен сезіну арқылы танысуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында Вознесенск кафедралды шіркеуі, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптары музейі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Алматы музейі және Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының модельдері жасалды.

Антивандалдық материалдардан дайындалған шағын сәулеттік формалардың үшеуі нысандардың кіреберіс аймақтарында, ал екеуі ғимараттардың ішінде орналастырылған. Тактильді үлгілер ұзақ мерзімді пайдалануға есептелген. Осыған байланысты оларды сақтау мен күтіп-ұстауға қала тұрғындары мен қонақтарының жауапкершілікпен қарауы маңызды.

Жоба қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді әрі жайлы туристік ортаны қалыптастыруға бағытталған.