
Алматы Дохада өткен өңірдегі ең ірі туристік көрмелердің бірі — Qatar Travel Mart 2025-ке қатысты. Шараға 60-тан астам елдің өкілдері қатысып, қала үшін халықаралық деңгейде таныстырылым жасауға маңызды алаңға айналды.
Қала төрт мезгілде де саяхаттауға қолайлы бағыт ретінде ұсынылды. Көрмеде Алматының көркем табиғаты, белсенді демалыс мүмкіндіктері, wellness-туризм, гастрономиялық бағыттар және іскерлік іс-шараларға арналған инфрақұрылымы таныстырылды.
Алматылық делегация 150-ден астам B2B-кездесу өткізіп, 36 келісімге қол қойды. Бұл келісімдер Алматыға 5 000-нан астам шетелдік турист тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көрме аясында қазақстандық туроператорлардың қатысуымен роуд-шоу ұйымдастырылып, оған дипломатиялық өкілдіктердің, туркомпаниялардың, БАҚ пен серіктес ұйымдардың 130-дан астам өкілі қатысты.
QTM 2025 көрмесіне қатысу — Алматының шетелдік басым нарықтардағы позициясын нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының бір бөлігі. Алдағы кезеңде серіктестік байланыстарды кеңейту және Парсы шығанағы елдерінен келетін туристердің қызығушылығын арттыру жұмыстары жалғасады.