Almaty Museum of Arts заманауи өнер мұражайы 12 қыркүйекте ашылады

Almaty Museum of Arts заманауи өнер мұражайы 12 қыркүйекте ашылады

    Almaty Museum of Arts заманауи өнер мұражайы 2025 жылдың 12 қыркүйегінде көпшілік үшін ресми түрде есігін ашады. Музей инвестор қаражаты есебінен салынды. Ауданы 10 000 м²-ден асатын ғимарат бір уақытта 500 адамға дейін қабылдауға арналған. Британдық бюро әзірлеген жоба архитектурасы табиғат пен қала көрінісінен шабыт ала отырып, таулардың күшін бейнелейтін әрі қаланың динамикасын көрсететін L-тәрізді көлемде жасалған.

   Мұражай екі жобамен – өзінің жеке топтамасынан қойылған «Qonaqtar» және қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективалық көрмесімен ашылады. Музей қорына 700 туынды енген, олардың ішінде отандық және шетелдік шеберлердің жұмыстары бар, ал тұрақты коллекцияның 70%-дан астамы XX ғасырдағы көрнекті қазақстандық суретшілердің және заманауи өнердің негізгі тұлғаларының еңбектерінен тұрады.

     Мұражай миссиясы –  Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің дамуына қолдау көрсетіп, оның әлемдік мәдениеттегі орнын айқындау. Мұражай өткенімізді зерттейтін, бүгінімізді талқылайтын және болашаққа батыл қадам жасайтын динамикалық мәдени кеңістік ретінде құрылған.

   Almaty Museum of Arts сонымен қатар Алматының туристік әлеуетін дамытуға да ықпал етеді. «Турист бейнесі» сауалнамасына сәйкес, мегаполис қонақтары ең алдымен көрнекті жерлерді (49%), мәдени іс-шараларды (27%) және ұлттық колорит пен архитектураны (26%) бағалайды. Жаңа мұражай заманауи өнерге, сәулетке және мәдени іс-шараларға қызығатын туристер үшін маңызды орынға айналады. Оның бірегей экспозициясы, ауқымды көрме залдары мен өнер жобалары мәдени туризмді дамытып,  қаланы халықаралық бағытта интеграциялауға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Келушілерге арналған ақпарат
Мұражай келушілерге 12 қыркүйектен бастап есігін ашады. Дүйсенбіден басқа күндері күн сайын 11:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді (кіру уақыты 19:00-ге дейін).
Стандарт билет құны – 2000 теңге, арнайы билет – 500 теңге. Әр түрлі санаттағы келушілер үшін қосымша жеңілдіктер мен тегін кіру мүмкіндіктері қарастырылған. Билеттер құны мен экскурсия бағдарламасы туралы толық ақпаратты мұражайдың сайтынан таба аласыз.