Алматы мен Цинхай провинциясы (ҚХР) туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті

Алматы мен Цинхай провинциясы (ҚХР) туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті

Алматыда Туризм басқармасы мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты өкілдерінің Қытай Халық Республикасының Цинхай провинциясынан келген делегациямен іскерлік кездесуі өтті. Бұл сапар туристік және тау инфрақұрылымын дамыту саласында әріптестік байланыстар орнату мен тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды қадам болды.

Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан Цинхай провинциясы бірегей табиғи ландшафттары, мәдени ескерткіштері және биік таулы аймақтарына негізделген жоғары туристік әлеуетке ие. Делегация өкілдері Алматымен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға, әсіресе тау-шаңғы курорттарын құру және жаңғырту саласында мүдделілік білдірді. Кездесу барысында тау инфрақұрылымын дамытуға, өңірлердің туристік тартымдылығын арттыруға, экотуризм, белсенді демалыс және қысқы спорт түрлері бойынша озық тәжірибе алмасуға бағытталған бірлескен жобалар мүмкіндіктері талқыланды.

Өз сөзінде Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова Алматының, Қазақстандағы ең ірі туристік орталық ретінде, дамыған туристік инфрақұрылымы мен жыл бойы жалғасатын туризм үшін кең мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Аймақтың негізгі нысандары — жоғары таулы «Шымбұлақ» курорты, «OI-Qaragai» төрт мезгілдік кешені және «Медеу» спорт аренасы таныстырылды.

Кездесу нәтижесінде тараптар туризм саласындағы әріптестікті нығайту мен бірлескен бастамаларды дамытуға қатысты өзара келісімге келді. Цинхай провинциясының делегациясы қазақстандық тарапты 27 тамыз күні Алматы қаласында өтетін экономикалық және туристік ынтымақтастық форумы жұмысына қатысуға шақырды. Бұл кездесу Алматы мен Цинхай провинциясы арасындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді байланыстарды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.