
Алматы ипподромында осы демалыс күндері бүркіт, қаршыға және ителгі арасындағы дәстүрлі республикалық турнир ұйымдастырылды. Елдің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда 2 қала мен 8 өңірден келген 116 құсбегі шеберліктерін ортаға салды. Сайыс алғашқы күннен-ақ ерекше тартысты өтіп, қыран құстардың көз ілеспес жылдамдығы мен иелерінің құсбегілік өнері тамсандырды.
Байқаудың алғашқы күні қазақ даласының символы саналатын бүркітшілер өнер көрсетіп, өз шеберліктерін паш етті. Сайысқа қатысқан құстар үш кезеңнен өтті: қолға шақыру, шырғаны алдыру және басқа да дәлдік пен шапшаңдықты талап ететін жарыстардан сынға түсті.
Астана қаласынан келген қыран бүркіт 63 құстың ішінен озып шығып, жарыс жеңімпазы атанды. Оның иесі медаль, кубок және ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар, Алматы облысының қаршығасы мен Қарағанды облысының ителгісі де өз санаттарында топ жарып, ақшалай сертификаттарға қол жеткізді.
"Жарысқа 60-тан астам бүркіт, 20-дан аса қаршыға және 14 ителгі қатысты. Бұрын мұндай турнирлерге негізінен үлкен ақсақалдар қатысса, қазіргі уақытта жастардың қатары көбейіп келеді. Мұның басты себебі – облыстар мен қалаларда ұлттық спорт мектептерінде құсбегілік бөлімдерінің ашылуы. Ол жерлерде балалар 8 жасынан бастап құсбегілік өнерге баулынады," – деп атап өтті "Құсбегілік" федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.
Бұл турнир құсбегілік өнерін жаңғыртып, ұлттық спорттың беделін арттыратын маңызды шараға айналып отыр. Қыран құстар мен олардың иелерінің өнері барша көрермендерді тәнті етті.