Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары - 2024: Алматылық палуандар Астанадағы іріктеу сайысына жолдама алды

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары - 2024:  Алматылық палуандар Астанадағы іріктеу сайысына жолдама алды

Алматы қаласы спорт басқармасының ұйымдастыруымен Толағай алыптар сайысы бойынша Республикалық іріктеу кезеңі өтті. Бұл жолдаманы жеңіп алған палуан Республикалық сайыста Алматы қаласының намысын қорғап, жеңген жағдайда еліміздің абыройын бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қорғайды.

Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша яғни, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 100 келілік бөренені желкеге салып отырып-тұру, жарты тонналық арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру және 100 келілік қапты көтеру секілді ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түсті.

Қалалық жарысқа 17 палуан қатысуға өтініш білдірген еді. Солардың арасында топ жарып жолдама ұтып алған ауыр атлетика бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Әділетұлы Нұрғиса.


Екінші орын иегері жекпе-жек күресі бойынша спорт шебері Маутан Жаннұр Мархабатұлы.


Ал қола жүлдеге Жанатаев Ерасылға бұйырды.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 8-15 қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ұлы Дала батырларын дәріптейтін, қазақтың ұлттық этно ойындарын жаңғыртатын және салауатты өмір салтын насихаттайтын көпсайысты «Толағай» алыптар сайысы да осы дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қосылып жатыр.