
Алматы спортшысы тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды
2026 жылғы 24–31 шілде аралығында Алматы облысының Талғар ауданында 19 және 21 жасқа дейінгі жастар арасында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының XXIV чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне Қазақстанның 15 өңірінен 100-ге жуық үздік спортшы қатысып, чемпиондық атақпен қатар қараша айында Түркияда өтетін Әлем чемпионатының жолдамаларын сарапқа салды.
Жарыс халықаралық ережелерге сәйкес классика, рапид және блиц бағдарламалары бойынша ұйымдастырылды. Мұндай формат спортшылардың жан-жақты дайындығы мен түрлі уақыт тәртібінде ойын өрнегін көрсете білу қабілетін анықтауға мүмкіндік береді.
Чемпионат қорытындысы бойынша 19 жасқа дейінгі жас санатында Алматы қаласының спортшысы Мейірлан Нұржанұлы Қазақстан чемпионы атанып, рапид бағдарламасы бойынша өтетін Әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.
Сонымен қатар, 21 жасқа дейінгі жас санатында Ельдар Дәкен Қазақстан чемпионы атанып, Алматы құрамасының қоржынына тағы бір алтын медаль салды.
Алматы қаласының Спорт басқармасы жеңімпаздарды жоғары жетістіктерімен құттықтап, алдағы Әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, толағай табыстарға жетуіне тілектестік білдіреді.