Наурызбай ауданының дамуына қатысты өзекті мәселелер ЖК «Алма-Сити 5» тұрғындарымен талқыланды

Наурызбай ауданының дамуына қатысты өзекті мәселелер ЖК «Алма-Сити 5» тұрғындарымен талқыланды
Алматы қаласы әкімінің аппаратының басшысы Ерлан Исабеков Наурызбай ауданындағы «Алма-Сити 5» тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен кездесті.
 
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тұрғындар күнделікті өмірге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Кездесу барысында білім беру нысандарындағы орын тапшылығы мәселесі қозғалды. Наурызбай ауданында халық санының қарқынды өсуіне байланысты мектептер мен балабақшаларға түсетін жүктеме артып отыр. Аталған мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, №41 мектептің ғимараты сатып алынды, ал тұрғын үй кешеніне жақын маңда жайлы мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл қадам бүгінде бір сыныпта 40-қа дейін оқушы білім алатын мектептің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аудан бойынша тағы бес мектеп салуға өтінім берілген.
 
Сондай-ақ Алматы қаласының Бас жоспары аясында бос жер телімдері болған жағдайда, тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып, әлеуметтік нысандар — мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салуға басымдық берілетіні атап өтілді. Тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілген пәтерлердің заңсыз жалға берілуі мәселесін де көтерді. Осы бағытта қала әкімінің аппаратының басшысы тиісті тексеру жүргізу жөнінде тапсырма берді. Кездесуде алаңдаушылық тудырған тағы бір мәселе — тұрғын үй кешеніне жақын орналасқан картон зауытының жұмысы. Тұрғындар зауыттан шығатын жағымсыз иіске шағымданды.
 
Зауыт өкілдері ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап қалалық кәріз жүйесіне қосылатынын, сондай-ақ кәсіпорынды индустриялық аймаққа көшіру жоспарланғанын хабарлады. Қазіргі таңда жаңа зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр, жобаны толық аяқтау 2027 жылдың соңына жоспарланған. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік нысандарды дамыту мәселесі көтерілді. Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева бұл бағытта Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен бірлесіп, осындай орталықтардың санын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
 
Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынды. Тұрғындарға нақты түсіндірмелер беріліп, шешу жолдары мен мерзімдері айтылды. Сондай-ақ алдағы уақытта да тұрғындармен ашық әрі тұрақты диалог жалғасатыны жеткізілді.